Ұлттық сусын ішейік!

Күн ыстықта шөлдеген адамның салқын сусынға деген тәуелділігі арта түседі. Сондықтан болса керек, жаз шыққалы дүкен сөрелеріндегі сусындардың саудасы қызады. Алайда, түрі мен түсі әраулан шөл басар сусындардың барлығын дерлік пайдалы деп айта алмаймыз. Мамандардың айтуынша, газдалған тәтті сусындардың денсаулыққа кері әсері бар. Яғни, оларды көп мөлшерде қолдану қатерлі ісікке, семіздікке әкеп соқтырады. Ендеше, құрамында түрлі қоспалары бар жасанды сусындардың орнына өзіміздің ұлттық сусындарды неге ішпеске?!

22-022

Қымыз – ауруға ем, сауға қуат

Қымыз —  әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды. Ауырған адамның қайта қалпына келуіне әсер етеді. Қан құрамындағы гемоглобин эритроцитін көбейтіп,  тамырдың соғуын жиілетеді.  Бүйрек пен бауырдың жұмысын жақсартып,  қан айналымы мен жүрек соғысын реттейді.  Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, асқазандағы жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады. Құрт ауруын емдеу қасиеті де жоғары.

Қымыз адамның физикалық жағдайын да жақсартады. Яғни,  күш-қуатын арттырады, тәбетті ашады, ас қорытуды жақсартады, іш қатудың алдын алады. Оның адам ағзасын әлсірететін созылмалы ауруларға қарсы күресетін артықшылығын да айта кеткен жөн. Саумал қымыз – жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етсе, ашыған қымыз шөлді басады.

Сажида Файзиева, қалалық туберкулезге қарсы диспансерінің маманы:

– Қымыз, қымыран, шұбаттың пайдасы орасан. Олар мың бір дертке пайдалы. Әсіресе, бұл сусындар өкпе, құрт ауруларына таптырмас ем. Сондай-ақ, олар имунитетті жоғарлатып, құрамы күрделі, әсері мол дәрілердің тез сіңуін қамтамасыз етеді. Сондықтан да біз емделушілердің ішетін дәрі-дәрмектері тез сіңіп, асқазанға ауырлық түсірмес үшін оларға қымыз, қымыран, шұбатты ұсынамыз. Айтайын дегенім, ұлттық сусындарды күнделікті профилактика үшін де ішіп тұрған абзал.

Бірақ,  сусынды мөлшерімен ішу керек. Тым көп ішкен жағдайда пайдалы ферменттер мен дәрумендер бір-бірімен теріс байланыс орнатып, адамның әлсіреуі мен есінен адасуына алып келеді.

Ескеретін жайт, қымызды қан қысымы жоғары адамдарға, асқазан аурулары асқынған жандарға ішуге болмайды. Қышқылдығы жоғары қымызды бала ішетін болса, асқазаны ауырып, іші өтеді. Мұндай қымыз баланың ішкен асын қорытатын қалыпты жүйеге теріс әсер беруі мүмкін.

22-021

Қымыран шөлді қандырар

Түйе сүтінің құрамы ерекше. Содан болар, ілгеріде ауыз бекіткен қариялар кешке дейін тоқ жүру үшін қымыранды сәресіге ішіп отырған. Одан бөлек, қымыран өкпе құрты, бауыр ауруларын, холециститтi, өт жолдарын емдейтін қасиетке ие. Сондай-ақ, қымыран  бүгінде екі адамның бірінде кездесетін дисбактериоз дертіне таптырмас ем. Күнделікті тағам рационына қымыранды қосатын болсаңыз, ішіп-жегеніңіз жақсы қорытылып, қуатыңыз арта түседі.

Иммундық жүйеңіз көтеріліп, ағзаның физиологиялық күші артады. Күш демекші, қымыран ер-азаматтардың еркектің эрекциялық қабілетін арттырып,  белсіздіктен қорғайды. Никотин, алкоголь сияқты зиянды элементтердің ағзадан тез шығуын қамтамасыз етеді. Арақтан уланған жағдайда, қымыран бүкіл ағзаны тазалап шығады. Сонымен қатар, қымыран  әйелдердегі климакс кезеңінің жеңіл өтуін қамтамасыз етеді.

Бірақ, түйе сүті қымыз секілді көп уақытқа дейін сақталмайды. Бір күннен кейін-ақ ашып, құрамы өзгеріп шипасы болмайды.

22-023

Шұбат – әрі сусын, әрі тамақ

Бiр литр шұбат адам ағзасын витаминдер мен микроэлементтерге деген тәуліктік қажеттілігін толықтай қанағаттандыра алады. Дәстүрлi сусын сонымен қа­тар iшек, бауырды тазалап, өт жолда­рының жұмысын жақсартады. Қыш­қыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзедi. Сондай-ақ инфаркттың, ин­сульттің алдын-алуда маңызы зор. Қант диабетіне, қатерлі ісікке де шипасы бар.

Табиғи шұбат өнімдері адамның есте сақтау қабілетін жоғарылатып, ми тамырларына сергектік пен демалыс береді. Құрамында А, В1, Д, Е, С дәрумендері бар сусын ұзақ уақыт емделуді қажет ететін туберкулез ауруына да бірден бір шипа. Шұбаттың тағы бір қасиеті – адамға күш-қуат беріп, өмір жасын ұзартып, кәрілікті тежейтінінде.

Ескеретін жайт, шұбаттың құнарлығы аса жоғары болғандықтан оны ашығу кезінде ішуге болмайды. Сондай-ақ, артық салмағы бар  және ішек жолдары ауыратын жандардың шұбаттан бас тартқаны абзал.

22-020

Айран ішкен сауығар

Айранның пайдасын бүгінгі ұрпақ та жақсы біледі. Дәрігерлер әрбір адам күніне кемінде 1 литр айран ішуі керек дегенді жиі айтады. Себебі айран ағзадағы зат алмасуға қатысып, иммундық жүйенің жұмысын жақсартады.  Оның құрамындағы мик-роэлементтер ағзадағы түрлі ауру тудырушы бактерияларды жойып, созылмалы аурулардың алдын алады.

Сонымен қатар айран көздің көру қабілетін арттырады. Құрамындағы А дәрумені тері қабатының жұмсақ әрі әдемі болуын қамтамасыз етеді. Сүйектің беріктігін қамтамасыз етіп, буындарды нығайтады. Айран жүйке жүйесіне де оң әсер етеді. Ұйқысыздық және соңғы кезде әрбір адамды мазалап жүрген стрестік жағдайды емдейді, тыныш әрі жақсы ұйқыны қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, түнде ішілген айран ағзаны кальциймен толықтай қамтамасыз етеді.

Ескеретін жайт, асқазаны ауыратындардың айраннан бас тартқаны жөн.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №22, 03.06.2015