Облыс орталығында әр демалыс күні өтетін жәрмеңке уақытша тоқтатылады. Шаһар басшылары күні кеше осындай шешім қабылдаған болатын. Алайда азық-түлік тауарларын сатушылар бұл шешіммен келіскісі жоқ. Сондықтан бүгін әкімдікке жиналып, қала әкімінен шешімін өзгертуді сұранды.
Қалалық әкімдіктің қызметкері әр сенбі сайын өтетін жәрмеңкенің тоқтатылатынын төрт апта бұрын ескерткен. Аптап ыстықта ет-сүт өнімдерін бұзылып, санитарлық талап сақталмайды деп шешіпті. Себебі сатушылар орындарында арнайы тоңазытқыштар қоймай , халықтың саулығына немқұрайлы қараған. Уәдесінде тұрмағандарға шаһар басшылығы осындай шара көрді.
Төрәлі Жұбанов, Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары: «Ет өнімдері, сүт өнімдері бар, тоқтату керек. Қазір күн ыстық, санитарлық жағдай жоқ. Сол үшін тоқтатылғаны дұрыс деп ойлаймыз. Жарық тартамыз, тоңазытқыш қоямыз деп айтылған. Нәтижесінде ешнарсе жоқ».
Жәрмеңкенің жабылатыны жайында өткен апта барлық сатушыларға ескерту беріліпті. Бұл хабар алыпсатарларды айтпағанда дихандардың және жергілікті тауар өндірушілердің еңсесін түсірді. Нәпақасын осы жерден тауып жүргендер азық-түлігін осы жерде сату тиімді дейді.
Валентина Шорикова, сатушы: «Біз апта бойы еңбек етеміз. Бір күн осында әкеп сатамыз. Табатынымыз — тиын-тебен. Онымен базарда тұра алмаймыз. Қалта көтермейді. Әкімдіктің барлық талабын орындап отырмыз. Тек жәрмеңкені жаппаса деп тілейміз».
Осындай талап-тілегін арқалаған сатушылар қала әкімдігіне келді. Бәрі де биліктен отандық өнімді қолдап, көмек берулерін сұранды. Жәрмеңкені толық тоқтатпай, орнына маусым кезінде бақша өнімдерін сатуға жағдай жасаған жөн деп санайды. Әрі аптасына бір рет өтетін жәрмеңкенінің орнын ауыстыруды ұсынды. Базарда сауда жасау қарапайым диқанға тиімсіз деп отыр.
Шаруалар мен тауар өндірушілердің шағымын тыңдаған қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай алдағы уақытта қандай да бір шешім шығаратынын жеткізді. Базар басшыларымен сөйлесіп, жәрмеңкенің өтетін орнын ауыстыруды қарастырмақ. Ал сатушыларды апта соңына дейін сабыр сақтауға шақырды.
Қайрат Нұртай, қала әкімінің орынбасары: «Жәрмеңке қыркүйектің 15-не дейін жабылады. Ары қарай дұрыстап реттеп, ашылған кезде алыпсатар болмайтындай орындар белгілейміз. Өйткені, Әл Фараби алаңы болмайды».
Шенеуніктің сөзін тыңдаған сатушылар қаладағы бос тұрған базарлардың бірін жәрмеңке өтетін орын ретінде пайдалануды ұсынады. Барлығы шаһар басшылары сенбіге дейін шешім қабылдап, жергілікті тауар өндірушілерді қолдайды деген үмітпен тарқасты.