Күнгейден Ақтөбеге керуен аттанды

208

Ақтөбеге тарту. Күнгейлік диқандардың алғашқы өнімдері тиелген керуен Ақтөбеге жол тартты. 175 тонна ауыл шаруашылығы өнімі артылған керуен 26-27 наурыз күні діттеген жеріне жетіп, жәрмеңкеге қатысады деп күтілуде.

Керуен көшіне тартылған ауыр жүк көліктеріне 32 тонна ет, 5 тонна қымыран, 76 тонна көкөніс, 19 тонна жеміс, 14 тонна картоп, 9 тонна сүт өнімдері тиілген. Жалпы құны 83 миллион теңгеден астам қаржыны құрайтын өнімдер нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан сатылады.

Аграрлардың айтуынша, күнгей – ауыл шаруашылығы өнімдерінің кіндігі. Өңір бойынша 45 ет, 38 сүт, 35 жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорыны жұмыс істейді. Облыс халқының қажеттілігінен артық өнім өндіріліп, республикамыздың солтүстік өңірлері мен ТМД елдеріне, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерге экспортқа шығарылуда.

Тұрғанбек Оспанов, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: «Мұндай жәрмеңкелерге облысқа қарасты барлық аудан-қала әкімдіктері атсалысады. Мысалы, Ордабасының құс еті мен жұмыртқасы, Қазығұрттың еті, Отырардың қымыраны жәрмеңкенің сәнін кіргізеді. Тауар өндірушілер жеңілдетілген жәрмеңкеден қашпайды. Қайта, тонналап өнімдерін ұсынуда.»

vlcsnap-2016-03-24-14h19m13s0

Өткен жылы күнгейлік диқандардың өнімі Алматы және Астана қалаларында сатылған. Ауыл шаруашылығы өнімін саудалаған 195 жәрмеңке өтіп, 6 567 тонна жеміс жидек пен көкөніс сатылған.