Батыстың байсалды дүниелері — Оңтүстікте. Шымкентте Атыраудың мәдениет күндері басталды. Облыстық орыс драма театры ғимаратында мұнайлы өңірдің қолөнершілері арнайы көрме ұйымдастырды. Өңірдің өткені және бүгінгі заманауи дүниелерін алғашқылардың бірі болып біз де тамашаладық.
Көрме Әл Фараби алаңында ұйымдастырылды. Мәдени шараның ашылу салтанатында меймандар киіз үй тігіп, шаһар тұрғындарына ағарған ұсынды. Бұрнағы тұрмыста қолданылған заттар мен қолөнершілердің еңбектері де осында.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=cRh3fggTszk[/youtube]
Әсіресе, 20 жылдан астам өмірін сурет-бейнелеу өнеріне сарп еткен Әбілқайыр Жантасовтың жетістіктері алыстан-ақ көзге ұрады. Себебі, автор енді 3D форматтағы жаңа үлгідегі шығарманы дайындауға көшкен.
Әбілқайыр Жантасов, суретші: «Менің Шымкентке әкелген суреттерім — 2013 жылдан бері салынып келе жатқан еңбектерім. 12 картина қойып отырмын. Тұсаукесері де бүгін. Енді бейнелерді Астана күні қарсаңында елордалықтарға таныстырмақпын. Суретті салу үшін майлы бояуды қолдандым. Негізі, шығармаларым сюрреализм жанрына сүйене отырып салынды.»
Көрмеге атыраулық тарихи-өлкетану мұражайының 200-ден астам жәдігері қойылды. Өңірдің қазба байлықтары мен археологиялық дүниелері де дүйім жұртқа ұсынылды. Дегенмен, мәдениет саласының өкілдері біздің шаһарға туындыларды таныстыру үшін ғана емес, күнгейлік ағайыннан төл өнерді меңгеру үшін де келгенін айтып қалды.
Рәшида Харіпова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры: «Оңтүстікте кездесетін ою-өрнектер Атырау, яғни, еліміздің Батыс өңірінде мүлдем жоқ. Бізде зергерлік бұйымдарды жасауда сіркелеу әдісі көбірек қолданылады. Сонымен қатар, біздің өңірімізден, оның ішінде Аралтөбе елдімекенінен 1999 жылы екінші «Алтын адамның» жәдігерлері табылған. Соны да осында алып келдік. Аталған «Алтын адамның» ерекшеліктері — оның үстіндегі әрбір жапсырмалар, қолындағы асатаяғынан бастап басындағы самұрық құсының бейнесі де алтыннан жасалған».
Cондай-ақ, шарада облыстың шаруашылық пен ғылымдағы жетістіктерінен ақпар беретін тақтайшалар ілінді.
Гүлмира Алпысбаева, қала тұрғыны:»Көрмеден Қалиев Нұрсұлтанның еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ағаштан түйіп жасаған қолөнер бұйымдарына риза болдым. Тіпті суретке түсіріп алдым. Болашақта мұны біздің қолөнершілерге де көрсетіп, арнайы тапсырыспен жасату жоспарда бар».
17 маусым күні ашылған көрме 18 маусым кешкі сағат 19:00-ге дейін жалғасады.