Дихандар мен ғалымдар бас қосты

1216

Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының тәжірибе-егістік алқабында «Егін жайы» тақырыбында семинар-кеңесі өтті. Шараға қатысқан сала мамандары ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің үнемді технологиялық жүйесін таныстырып, сапалы тұқым өндірудегі ғылыми жетістіктер жайында ақпар берді.

002-1

Төлеби ауданынан келген шаруа Әзімхан Қадырбеков үшін бидай егу таңсық іс емес. Осыдан 3 жыл бұрын құрылған серіктестікте ол дақылдың түр-түрін егуді қолға алған. Алайда тәжірибелік алқапқа алғаш рет келген дихан астық егудің жаңа технологияларымен танысты. Инновациялық технологияларды пайдалану арқылы астықтың өнімділігін арттыруға болатынына көз жеткізді.

Әзімхан Қадырбеков,серіктестік төрағасы: «Агрономдар тапшы. Жастарға семинардың берері мол. Бидайдың түр-түрін көріп, таң қалудамыз. Осындай да болады екен ғой. Тұқымдарын алып егеміз.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=KcIZJd1N0EM[/youtube]

Семинар-кеңес барысында ауыспалы егісте қор үнемдеудің агротехнологиялық жүйесін жасақтау, бидайдың жаңа сұрыптарының биологиялық ерекшеліктері және жоғары өсімді тұқым өндірудегі өзекті мәселелер талқыланды. Ғалымдар әлемде қолданысқа енгізіліп жатқан тың жаңалықтарымен бөлісті.

Мырзабек Сыдықов, жетекші ғылыми қызметкер: «Бидайды өсіріп, зерттейміз, сосын үш жылдан кейін өндіріске жібереміз. Кейін шаруашылықтарға таратамыз. Қазір біздің тұқымдарды Қазығұрт ауданындағы барлық шаруашылықтар пайдаланады.»

002

Оңтүстіктің шаруалары үшін егіншілік мәдениетті дамыту, өнім түсімділігі мен жердің құнарлығын арттыру басты мақсат саналады. Сондықтан мұндай басқосулар ауыл шаруашылығы мамандары үшін аса қажет дейді семинарды ұйымдастырушылар.

Нұрбек Бадырақов, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: «Біз әртараптандыру арқылы ауыспалы егістікті пайдалана отырып нарықта сұранысқа ие дақылдарды егуді арттырып, табыс әкелмейтін дақылдардың көлемін азайтып жатырмыз.»

Бүгінде дүниежүзінде қор үнемдеу мен агротехнологиялық жүйені жасақтауға аса мән берілуде. Бұл бағытта өңіріміздің ғалымдары да қол қусырып отырған жоқ. Дақылдарды тікелей сеуіп, гербецидтерді тиімді пайдаланудың тиімді әдістерін жасауда. Сондай-ақ жерді терең қопсыту арқылы өнімділікті арттыру жолдары жасалып жатыр.

Шынар Оразова