25-009

25-025

Сенбі күні таңертеңгі 8.00-ден бастап «Отырар-TV» телеарнасы ғимаратының алдына ағылған халықтың қарасы көп болды. Барлығы да  сүйіп оқитын басылымдары «Оңтүстік Рабат» және «Рабат» газеттерінің екінші жартыжылдығына жазылуға асықты. Ал редакция ұжымы өз тарапынан оқырмандарға қолайлы жағдай жасауға тырысты.

25-022

25-023

Есігімізді ерте қаққан алғашқы жазылушыларымыздың бірі — Шымкент қаласының тұрғыны, №1 балалар емханасының дәрігері Батпа Бейсетаева (суретте) болды.

«Сүйікті басылымыма бірінші болып жазылуға асықтым», деп жылы жымиған тұрақты оқырманымыздың бұл жолы да өз таңдауынан жаңылмағанына біз де риза болдық. Оқырманның айтуынша, «Оңтүстік Рабат» газетін отбасымен бірге 5 жылдан бері үзбей оқиды екен. Ұжымның ұйымдастыратын барлық шараларына да атсалысып, өзінің идеяларымен бөлісіп отырады.  Алғашқы жазылушымыздың аяғы жеңіл болды, себебі, артынша «газетке жазылайын деп едік» деп редакция есігінен енген оқырмандар қатары арта түсті.

25-012

25-017

Дәурен Босымбаев, Шымкент қаласының тұрғыны:

– «Оңтүстік Рабат» газетін 5 жылдан бері серік етіп келемін. Бұл газеттің өзге басылымдарға қарағанда ерекшелігі көпшілік көкейінде жүрген мәселені дөп басып айтады. Оның шешу жолдарын қарастыра жүретін жанашырлығы ұнайды. Басқа газеттерде мәселелер қозғалады. Дегенмен, елдің ішіне етене еніп, жұмыс жүргізу, іздену дегенді байқамаймыз. Ал, «Оңтүстік Рабатта» осы ойлардың бәрі ортақ пікірге ұласып, оның пайдалы жағына қалам тартатыны орынды.

Сондықтан да, биылғы жылдың екінші жартыжылдығында тұрақты оқырман ретінде «Оңтүстік Рабат» газетіне жазылдым.  Сондай-ақ, бүгін алғаш рет саудаға шыққан «Бөген» ауыз суын ішіп көрдім. Ұнады. Енді отбасыммен осы суды ішіп тұратын боламыз. 

25-016

25-010

Бұл күні қала тұрғындары газетке жазылып қана қоймай,  көкейде жүрген көптеген сауалға тиісті сала мамандары тарапынан жауап алды.  Демеушілеріміз ұсынған сый-сыяпатқа қол жеткізді. Мәселен, «KCell» мобильді операторының мамандары оқырмандарға ұялы байланыста ғаламторды тиімді пайдалану жолдарын түсіндірсе, «Евромебель» жиһаз салонының сатушылары  үй жиһазын таңдау, оны күту, тазалау жолдарын айтты.

«Диастом» стоматологиялық клиникасының мамандары оқырмандардың өтініші бойынша ауыз қуысын тексеріп,  тіс күтімі жайлы кеңес берді. «Гиппократ» зертханасының қызметкерлері болса, келушілерден қан алып, ағзадағы қант  мөлшерін анықтап берді. Сондай-ақ, бұл күні газетімізге жазылған әрбір оқырман үйіне құр алақан қайтпады. Олар лотереялық ойынға қатысып,  демеушілеріміз «Мадлен», «SWEDKAZ», «Sigma Brau», «Хатико», «Зерде-фито», «Визит», «Изуми», «Хатико», «ЕвроМебель» компаниялары ұсынған бағалы сыйлықтарды иемденді.

25-020

25-018

Багина Қайыржанқызы, зейнеткер:

– «Отырар» телеарнасының ғимаратында «Оңтүстік Рабат» және «Рабат» газеттеріне жазылу күндерін жыл сайын ерекше атап өтеді. Мұнысы оқырмандар мен көрермендерге деген құрметінің белгісі деп түсінемін. Сондай-ақ, газетке жазылып қана қоймай отандық тауар өндірушілердің тауарларын арзан бағада сатып алып, тегін медициналық ақыл-кеңес алып, көңіліміз көтеріліп қалды. Әсіресе, «Зерденің» денсаулыққа пайдалы фито шайлары ұнады. Олар жайлы да жан-жақты маманның кеңесін алып, өзіме қажеттісін сатып алдым.

Ал енді жыл сайын тағатсыздана күтетін газетіміз «Оңтүстік Рабат» газетіне алғысым шексіз. Тұрғындардың көңілдегісін дөп басып, өзекті мәслелерді қарапайым тілмен жеткізуге тырысатын ұжымының жұмысы ұшан-теңіз. Қаламдары мұқалмасын. Шығармашылық табыс тілеймін.

25-015

25-024

Сонымен қатар бұл күні редакция ауласында жәрмеңке ұйымдастырған отандық тауар өндіруші бірнеше компаниялар да  келушілер үшін өз тауарларын арзан бағада ұсынып жатты.  Әсіресе, «Ордабасы құс», «Масло дел», «Бөген», «Зерде-фито» компанияларының тауарларына деген сұраныс жоғары болды.  «Sigma Brau» сауда үйінің шыны ыдыстарына кезекке тұрғандар да аз болған жоқ. Ал, «Нури Зулол» шырындарын ішкендер, үйіндегілерге де бірнеше құтысын сатып алды. «Бөген»  компаниясының өкілдері өздерінің жаңа минералды суын тегін таратып жатты.

25-021

25-019

Гүлбибі Қарғабаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

– «Оңтүстік Рабат» газетіне биыл да жазылдым. Жылдан-жылға газетке деген қызушылығым артып келеді. Әсіресе, басылым беттеріндегі зейнетақы және жәрдемақы, ауыл, білімге және басқа да мәселелерде орын алған жаңалықтарды жан-жақты жазып, оның мәніне үңілетін қасиетін жоғары бағалаймын. Газетке жазылушылар күні де пайдалы дүниеге толы болды. Олай дейтінім, бастысы газетке жазылдым. Лотерея ойнап, олжалы болдым. Медициналық тегін кеңеске құлақ түріп, «Диастом» тіс емханасының қызметкерлеріне ауыз қуысын тексертіп алдым. Мамандары сондай білікті, әрі ілтипатты екен.  Бәріне риза болдым. Ұйымдастырушыларға да, осындай тауарларды ұсынып отырған компанияларға да алғысым шексіз. Еңбектері жемісті болсын!

25-014

25-011

25-013

Бір сөзбен айтқанда бұл күні оқырман мен редакция ұжымы арасындағы қарым-қатынас нығая түсті. Осылайша, газетке жазылуға келіп, денсаулығын тексеріп, мамандардан кеңес алып, ыстық күні шөлін тегін сусынмен басып, тәттіден дәм татқан қала тұрғындары «Жазылушылар күнін» ұйымдастырған редакция ұжымына ризашылықтарын білдіріп тарқасты.

Айжан Ермекқызы
Суреттерді түсірген – Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №25, 24.06.2015