Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Шымкент қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы алаңда мектепті үзідк тәмамдаған түлектерді марапаттап, «Алтын белгілерін» табыстады. Салтанатты шарада облыс басшысы білім сапасының жылдан жылға артып келе жатқанына тоқталды.
Оған мысал ретінде биыл «Алтын белгі» иегерлерінің саны 608-ге жетіп, былтырғымен салыстырғанда 173-ке артып отырғанын айтуға болады. Ал ҰБТ қорытындысы бойынша облыс оқушыларының орташа көрсеткіші 78,7 балды құрады.
Сапалы білім мен тәрбие берген ұстаздар мен ата-аналарға алғыс айтып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге сәттілік тілеген өңір басшысы ҰБТ-дан 125 балл жинаған түлкібастық Лаура Әбдазимоваға 500 мың теңгенің сертифакаты мен «Алтын белгіні» табыстады. Өзге де үздіктер салтанатты шара кезінде марапатталды.
Сондай-ақ, ҰБТ-дан оқушылары жоғары нәтиже көрсеткен бірқатар мектеп директорлары мен Л.Әбдазимованың сынып жетекшісіне (Мақтаарал ауданы, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназия, Түркістан қаласы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, Мақтаарал ауданындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат) Құрмет грамотасын тапсырды.
Биыл облыста мектеп бітірген 30075 түлектің 18112-сі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Ал 96 оқушы халықаралық олимпиада мен ғылыми жобалар жарысының жеңімпаздары ретінде тест тапсырудан босатылған.
ҰБТ-да 3398 бітіруші 100 балдан жоғары көрсеткішке ие болды. Ал жоғары 125 балды – 1, 124 балды – 5, 123 балды 22 оқушы жинады. Айта кету керек, соңғы төрт жылда облыстың білім саласындағы орташа көрсеткіші 11,8 балға жоғарылап, «Алтын белгі» иегерлерінің қатары 366-ға артқан.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі