Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтың төрағалығымен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХVІІІ сессиясы өтті. Сессия «Мәңгілік ел» – жалпықазақстандық бірегейлік негізі» тақырыбына арналды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=I4tS8vu180E[/youtube]
Сессияға арнайы келіп қатысқан Парламент мәжілісінің депутаты Р.Халмұрадов аймақ басшысы А.Мырзахметовке ҚХА 20 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль тақты.
Жиынға ассамблеяның мүшелері мен ардагерлер, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің төрағалары, саяси партиялар мен діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдар мен облыстық жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары және БАҚ өкілдері, жалпы, бес жүзден астам адам қатысты.
Облыс басшысы сессияға қатысушыларды ассамблеяның 20 жылдығымен құттықтап, биыл тарихи оқиғаларға толы жыл екенін атап өтті. Сессия барысында ассамблея кеңесінің шешімімен ел бірлігін нығайтуға, мәдениетаралық диалогты және қазақстандық патриотизмді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық «Бiрлiк» алтын медалiмен Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев наградталса, елдегі қоғамдық келісімнің нығаюына, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін ҚХА 20 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медалмен облыстық мәслихат депутаты, «NIK» корпорациясының бас директоры Б.Нышанқұлов марапатталды.
Облыста тұрып жатқан этностар арасындағы достықты, бейбітшілік пен этносаралық татулықты нығайтудағы жасампаз еңбегі үшін облыс әкімінің «Бауырмал» сыйлығы жеті азаматқа табысталды. Сонымен қатар, бірқатар азаматтар Қазақстан халқы ассамблеясының құрмет грамотасымен және алғыс хатымен марапатталды.
Бұған қоса облыстық ассамблеяның XVIII сессиясының қатысушылары үндеу жариялады.
«Қазақстан халқы өзіне берілген заңды құқығын пайдалана отырып, Н.Ә. Назарбаевты ҚР Президенті лауазымына сайлауға бірауыздан дауыс берді. Халықтың мұндай қолдап, қуаттауы қазақстандықтардың алған бағытының туралығы мен жолының дұрыстығы, сондай-ақ ауызбірлігі мен саналы көңіл күйін, елдің біртұтастығын әлем жұртшылығының алдында тағы бір рет дәлелдеді. Біз оңтүстікқазақстандықтарды тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі, халықтың күш-қуатының қайнар көзі болып табылатын, барлық қазақстандықтарды біріктіретін «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының маңызына тереңдей түсуге шақырамыз» делінген үндеуде.
Бүгінде облыста 20 этномәдени бірлестіктің аудан, қалаларда 51 филиалы жұмыс жасауда.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі