«Қайырымдылық керуені» – балалардың арманын орындауға мүмкіндік береді

Шымкентте 20-21 қазан күндері «Қайырымдылық керуені» республикалық форумы өтті.

Дәстүрлі іс-шараға 10-16 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар қатысты. Елдің әр өңірінен келген 100-ге жуық бала алдымен үшінші мегаполистің көрікті жерлерін аралады. Ал 21-қазан күні оқушылар сарайында «Балаларды әлеуметтендіру» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

«Қайырымдылық керуені» республикалық форумына Талдықорған қаласындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының үш талантты тәрбиеленушісі келген. Олар алдымен қаланың көрікті жерлерін, саябақтарды араласа, 21 қазан күні оңтүстік жұртына өз өнерін паш етті. Форумды қорытындылайтын гала-концертте дарынды өрендер ым-ишара тілінде ән орындады.

Раушан Елубайқызы, Талдықорған қаласы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының әлеуметтік педагогы: «Қайырымдылық керуені форумының ұйымдастырушыларына көптен-көп рақмет айтамыз! Балалар үшін тынбай жұмыс жасап жатыр. Балаларды жан-жақты дамытып жатыр. Көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, зоологиялық баққа да апарды. Шырайлы Шымкент қаласымен таныстырып, автобусқа отырғызып, балалардың көңілін көтеруге тырысып жатыр. Көп рақмет айтамыз!»

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Қайырымдылық керуені» республикалық форумы аясында Шымкенттегі оқушылар сарайында «Балаларды әлеуметтендіру» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда сала мамандары арнайы мектеп-интернаттарындағы инклюзивті білім беру мәселелерін талқылады. Ал балалар үшін ІТ, актерлік шеберлік, бейнелеу өнері бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

Максадбек Абдужаббаров, ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ қызметкері: «Сонымен қатар, осы бағытта жұмыс істеп жүрген мемлекеттік мекеменің басшылары, қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктер, ҚХА өкілдері қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сол жерде тиісті мәселелер талқыланды, мамандар пікір алмасты және өздерінің жасап жатқан жұмыстарын көрсетті».

«Қайырымдылық керуені» республикалық форумы – мүмкіндігі шектеулі балаларға армандарын орындауға мүмкіндік береді. Жалпы айтулы іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен 10 және 16 жас аралығындағы 100-ге жуық бала қатысты. Ал форум соңында қатысушыларға арнайы сертификат пен сыйлықтар табыс етілді.

Мемлекет басшысының инклюзивті білім беру, әлеуметтік салаға барынша көңіл бөлуге пәрмен берген болатын. Осы бағытта шымшаһарда осындай ауқымды жұмыстар атқарылуда.