Қазақстан халқы ассамблеясы мен Саяси партия меморандумға қол қойды

36

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осылайша этносаралық қатынасқа қатысты арандатудың жолы кесілмек.

Партия белсенділері мен ассамблея мүшелері бас қосқан жиында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат ассамблеяның саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасын күшейтіп, нәтижелі жұмысқа ықпал етеді дейді қатысушылар.

Латипша Асанов, Шымкент қаласының түрік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы: «Біз осыған дейін де қоян қолтын жұмыс істедік. Енді одан да тығыз қарым-қатынаста боламыз. Бұл халықтың ауызбіршілігі үшін де қажет нәрсе».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХII cессиясында «Этносаралық келісім саясатында сөзбен іс бір жерден шығуға тиіс, Ассамблея саяси партиялармен ақылдасып, кеңесіп отыруы қажет. Сонда бірлігімізді нығайтамыз. Этносаралық қатынасқа қатысты кез-келген арандатудың жолын кесеміз деп атап өтті. Осы бағытта біз ассамблеямен бірлесіп жұмыс жүргіземіз»,- дейді партиялықтар.

Партия белсенділері мен ассамблея мұшелері ақпарат алмасу, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саясатын нығайтуға бағытталған ақпараттық- насихат жұмысты жүргізу, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру және бірлік құндылықтарын ілгерілету бойынша диалог алаңдарын ұйымдастыру бағытында бірлесіп жұмыс атқарады.