Бүгін — мың айдан қасиетті Қадыр түні

652

Бүгін — Қадыр түні. Қасиетті түн 12 айдың сұлтаны Ораза айының соңғы онкүндігінде келеді. Берекеге толы түнді асыға күткендер ғибадат етеді. Енді бірі зекет береді. Оның сауабы сансыз еселенетінін ескергендер қайрымдылық жасайды.

Рамазан айының соңғы он күндігінде құлшылығын күшейткен жамағат екі-үш күннен бері қайрымдылық акциясын өткізіп жатыр. Бір күнде әлеуметтік жағдайы төмен екі жүзге жуық отбасына көмек қолын созғандар зекет қоры есебінен тегін азық-түлік таратуда. Жомарт жандардың зекетіне ие болғандардың бірі — Баян Бекмұратова. Жалғыз басты ана І топ мүгедегі. Оның халін түсініп, көмек қолын созғандарға алғысы шексіз.

Баян Бекмұратова, қала тұрғыны: «Облыстық мешіттің имамдарына алғысымды айтамын. Осы елді, жұртты ойлағандарына рахмет. Біреуге жетіп жатыр, енді біреуге жетпейді. Соны ескергеніне рахмет.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=5IVHXldGsqE[/youtube]

Облыстық мешіттің зекет қоры ертеңге дейін 400 қап ұн, макарон өнімдері, қант, май және шайларын таратып үлгерулері керек. Әлеуеті жағдайы төмен отбасылардың тізімі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп жасалады. Демеушілік танытып, көмек қолын созамын деушілерге тізім беріледі. Кімнің неге мұқтаж екендігін саралап отырады.

Ахметжан Керімбек, облыстық орталық мешіттің бас имамы: «Әкімшілікпен де жұмыс жасаймыз. Оларда да тізім сұралады. Одан кейін бізде де неше жылдан бері тізімге алынғандары бар. Біз оларды анықтауға тырысамыз. Олар шын мәнінде мұқтаж ба? Тексереміз, барынша мұқият болуға тырысамыз. Десе де мұқтаждардың саны азайса деп ниеттенеміз.»

Сауабы мол айда қайырымдылық акциясын ұйымдастырғандар Қадыр түні өзгелерге қуаныш сыйлауды жөн санапты. Бұл түні Алладан медет тілейтіндерге қадыр кешін құлшылықпен өткізген дұрыс дейді имамдар. Өйткені Қадыр түні — ең игі түн! Алла Тағала оны берекелі етті, онда Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ, ол түнді мың айдан да артық етті. Ал мың ай сексен үш жылға тең келеді екен.

Айтпақшы, бұл түні ешқандай Қыдыр ата келмейді. Ол қате түсінік. Тек періштелердің жерге түсетіні ақиқат. Сондай-ақ, дастархан жайып, есік-терезелерді ашып тастау да дұрыс емес.

Ахметжан Керімбек, облыстық орталық мешіттің бас имамы: «Періштелер келсе, олар есік-терезелердің ашық-жабығына мұқтаж емес. Осы нәрсені біз жақсы түсінуіміз қажет. Және оған ешқандай дастархан немесе тағам керек емес. Оларда нәпсі жоқ. Олар сіздің тағамыңызға қызығып келмейді. Яғни мұның барлығы қате түсінгеннен шығады.»

Ең дұрысы — құлшылық жасап, Алланы мадақтап, зікір айту. Осы мың айдан да артық Қадыр түнінде бір игі амалың мың сауапқа теңеледі. Сондықтан қасиетті түннің сауабынан құр қалмаңыз, жамағат!