26-002Күнделікті тұрмысымызға еніп кеткен терроризм ұғымына бүгінде селт етпейтін болдық. Дүрлігіп елеңдейміз, тек қауіпті сәт туған кезде ғана. Алайда, осындай кездейсоқ қауіп-қатерді болдырмас үшін мемлекетіміз барынша күш салып жатыр. Қазақстанның әрбір азаматы өз елінің тыныштығына, бейбіт күннің мамыражай салтына мүдделі болуы тиіс.

Әйтпесе, көз алдыңызға елестетіп көріңізші, бүлінген, қираған ғимараттар, сынған мүліктер мен әйнектер, жарақат алған адамдар ортасында сіздің туысқандарыңыз немесе жерлестеріңіз болуы да мүмкін ғой. Демек, елдің жарқын келешегі сіз бен біздің қолымызда және сол себепті ақпараттық насихаттың кең таралуы кезек күттірмес мәселе.

Терроризм ХХІ ғасырда бүкіл әлемнің үрейін ұшыратын құбылысқа айналды. Ол үрдіс біздің елімізді де сырт айналып өтпей, бүкіл халық болып жұмылуына алып келді. Бейбітшіліктің қас жауы – адамзаттың тыныштығына қол салу, әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктен туындай ма, әлде астыртын саясат па?
ХХ ғасырдың басындағы саяси толқудың салдарынан Еуропада 1914 жылы империя мен монархиялар арасындағы қақтығыстардан «Бірінші дүниежүзілік» соғыс пайда болды. Оның соңынан «Екінші дүниежүзілік» соғыс басталып, «империялар шайқасы» «Ұлттар шайқасына» ұласты. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы «идеологиялар қақтығысы» суық соғысқа тірелді.

Бұл соғыстың ерекшелігі сол, коммунистік социалистік режим – либералды капиталистік демократиямен тайталасты. Суық соғыс Кеңес одағының жеңілісімен аяқталған болатын. Алайда, жаңа ғасыр басталысымен 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та террористік шабуыл жасалып, ол «терроризмге қарсы күрестің» негізгі нүктесіне айналды. Осы кезде батыс ойшылдары мен саясаткерлері түрлі болжамдар жасай бастады. Мәселен, философ Самюэль Хантингтон «Өркениеттер қақтығысы» деген еңбегінде батыстың жауы ислам болатынын жазған-тын. Кейіннен 2004 жылы жаудың мұсылман емес, ислам эктремистік ұйымдары болатынын өзінің концепциясында келтіре кетті.

Он бес жылға жуықтап қалған терроризммен күрес әлем бойынша қарқынды жүріп келеді. Оның ішінде Қазақстан да ішкі, сыртқы қауіпсіздігіне бейжай қарамайтыны сөзсіз. Бұл тұрғыда «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі Заңына сәйкес, 2010 жылы Үкіметтің Қаулысы бойынша «Қазақстан Респуб-ликасында терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті ұйымдастыру қағидасы» бекітілді.

Қағида – терроризм салдарының алдын алуды, жолын кесуді, оны барынша азайтуды және жою-ды ұйымдастыру тәртібін анықтайды. Терроризмді анықтау, ашу және тергеу Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің нормаларында, сондай-ақ өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың ведомстволық нормативтік-құқықтық актілерінде анықталады.

Терроризмнің алдын алу деп алдын ала өткізілетін және террористік іс-әрекетті жүзеге асыру тәуекелін мүмкіндігінше барынша азайтуға, адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға, терроризм актісі жасалған жағдайда оның салдарын барынша азайтуға бағытталған кешенді іс-шаралар түсіндіріледі. Қоғамда терроризмді қабылдамау идеясын қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-үгіт насихат жұмысын ұйымдастырады және өткізеді. Террористік іс-әрекеттерге қатысқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының аумағына енуін болдырмау мақсатында қызметті жүзеге асырады.

Қазақстанда этностар мен діннің өзара іс-қимылының тұрақты жаңа үлгісі қалыптасты. Яғни, қоғамда келісім мен тұрақтылық қамтамасыз етілген. Тәуелсіздік алғалы ұлтаралық, дінаралық келісім бүкіләлемдік өзара әрекеттесу үрдісіне мол үлесін қосты. Елде дінге сенушілер мен түрлі діни бірлестіктер саны артты.

Айталық, ҚР мәдениет және спорт министрлігі дін істері комитетінің келтірген мәліметі бойынша, 20 сәуір 2015 жылғы жағдай бойынша елімізде діни бірлестіктер саны 18-ге жетіпті. Оның 2549 – Ислам, 318 – Православие, 219 – Елуіншілер шіркеуі, 181 – Інжілдік христиан-баптистер, 84 – Католиктіктер, 60 – Ехоба куәгерлері, 101- Пресвитериандық шіркеуі, 42 – Жетінші күн адвентистері, 13 – Інжілдік-лютеран шіркеуі, 14 – Методистер, 26 – Новоапостол шіркеуі, 9 – Кришнаиттер, 6 – Бахаи, 6 – Иудаизм, 2 – Буддизм, 2 – Иса Мәсіхтің соңғы қасиетті күндері, (мормондар) шіркеуі, 4 – Меннониттер, 1 – Муниттер, жалпы, қорытындысы 3 547-ге жеткен.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір елімізде жалпы саны 3312 мешіт, одан бөлек храм, мінәжат үйі, синагога және өзге де діни ғимараттар бар. Діни бағыттағы 47 бұқаралық ақпарат құралы жарық көреді. Елімізде 500-ге жуық шетелдік миссионер жұмыс істейді екен. Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады және заманымыздың күш көрсету, экстремизм, терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарын еңсеруге ықпал ететін болады.

Сондықтан болса керек, елімізде жыл сайын әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтеді. Съезд он екі жылдың ішінде конфессияаралық және діни қатынастар мәселелері бойынша беделді үнқатысу алаңына айналды. Адамзат баласына тартыспен емес, татулықпен, ымырасыздықпен емес, ынтымақпен күн кешу үшін дінаралық үнқатысу мен діни төзімділіктің насихаты ауадай қажет. Ішкі және сыртқы рухани келісімге, жеке тұлғалық және қоғамдық үйлесімге, рухани кемелдікке қол жеткізу – әлемдік және дәстүрлі діндердің негізгі мақсаты. Сондықтан, әлемдік қауымдастықта бейбітшілік пен дінаралық келісімнің салтанат құруына әлемдік және дәстүрлі діндердің шексіз әлеуеті кеңінен тартылуы тиіс.

Бұл дегенің діни келісім бар жерде, бейбіт те бақытты өмір бар дегенді білдіреді.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

«Оңтүстік Рабат», №26, 01.07.2015