Кешенді тестілеудің қорытындысы белгілі болды. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 10 мыңға жуық талапкер мемлекеттік білім сынағына қатысуға ниет білдірген.
Салтанат Пашат — Арыс қаласындағы С. Сейфуллин атындағы мектептің түлегі. 19 жастағы талапкер биыл кешенді тестілеуге қатысып, жоғары балды иемденген. Үміткердің ендігі мақсаты — жалғыз. Білім грантын еншілеу.
Салтанат Пашат, талапкер: «Мен қазір қобалжып тұрмын. Кешенді тестілеуден 81 балл жинап, білім грантына құжат тапсырдым. Таңдау пәнім — география. Өткен жылы 79 ұпай алып, конкурста жеңіліп қалған едім. Егер биыл да сәтсіздік болса, келер жылы кешенді тестілеуге қайта келіп, сынақ тапсырамын».
Еске салайық, биыл өңірімізде кешенді тестілеу 5 күн бойы өтті. Оған 9502 талапкер қатысуға ниет білдірген. Сынаққа солардың 9216-сы келді. Қатысушылардың 1900-ы — колледж түлектері. Өкініштісі сол, тестке қатысқан үміткерлердің жартысына жуығы мемлекеттік емтиханнан сүрінді. Тіпті бір ұпайға зәру болғандар жетерлік. Бірақ орын алған келеңсіз жағдай бұл ғана емес.
Мұрат Айтөреев, қабылдау комиссиясының хатшысы: «Кешенді тестілеуде ұялы телефон, шпаргалкаларға байланысты 96 талапкер аудиториядан шығарылды. Өзге келеңсіз жағдайлар тіркелген жоқ. Шектік балл, яғни, 50 балға жетпеген талапкерлердің саны — 4236 адам. Яғни 45 пайыз. Ең жоғары көрсеткіш — 100 деген балл болды. Ең төменгі ұпай — нөл деген көрсеткішті иемденген талапкерлер де бар.»
Айта өтейік, қатысушылардың басым бөлігі биология мен физика пәндерін таңдаған. Қазақстан аумағында мемлекеттік білім гранты үшін таласқа түсетін талапкерлердің құжатын қабылдау науқаны 31 шілдеге дейін жалғасады.