11-12 қыркүйек қайтарымсыз мемлекеттік грантқа өтінім беру басталады

1289

Мемлекеттен қаржы алып, бизнес ашатын уақыт келді. 11-12 қыркүйек күндері мемлекеттік қайтарымсыз грантқа өтініш беру басталады. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова баспасөз брифингінде хабарлады. Енді бизнес идеяларын жүзеге асырғысы келетін азаматтар аталған бағдарламаға қатысып, өз кәсібін бастау мүмкіндігіне ие болмақ.

Қайтарымсыз грант бағдарламасы әлеуметтік осал топтағы азаматтарды еңбекке баулу арқылы бизнес бастауға көмектеседі. Жауаптылардың айтуынша, өтініш білдірушілерге қойылатын бірінші талап – 3 жылдық мерзімге жарайтын «Бизнес бастау» сертификатын алу. Кейіннен тестті өткен соң «Business.enbek.kz» порталына онлайн өтінім тастау қажет.

Балмаржан Нарбекова, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Атаулы әлеуметтік көмек алушының мүшелері, мүгедектігі бар еңбекке қабілеттігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды қараушы ата-анасы, қоныс аударушы азаматтар және қандас мәртебесін алған азаматтар қатыса алады. Одан бөлек көпбалалы отбасы және асыраушысынан айырылған отбасы мүшелері қайтарымсыз гранттың конкурсына қатыса алады».

Биыл Шымкент қаласында бұл бағдарламамен 228 адам өз ісін ашып, табысын арттырып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, осы грант жүйесі енгізілгелі қаладағы атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтардың саны 3 есеге қысқарған. Бұл көрсеткіш арқылы өңір халқының әлеуеті жақсарып келе жатқанын байқауға болады.

Балмаржан Нарбекова, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Жоғарыда аталған топ мүшелері сол жерге жататын болса, демек бұл портал өзі интеграцияланғаннан кейін бұл топқа жатпайтын азаматтарды автоматты түрде алып тастайды. Іріктеуден өткен азаматтарға смс хабарлама келеді. Онда комиссия алдындағы бизнес-идеяны қорғау уақыты айтылады».

Айта кетейік, 11-12 қыркүйекте қайтарымсыз грантқа өтініштің 3-ші легі басталады. Мұндағы грант мөлшері 400 АЕК, яғни 1 млн. 380 мың теңге. Бас аяғы 219 кәсіпке қаржы бөлінеді. Қатысуға өтінімді кәмелетке толған жастан 65 жасқа дейінгі азаматтар бере алады. Грант иегерлері тәуелсіз комиссия мүшелерінің шешіміне сәйкес анықталады. Комиссия тізімінде қоғам белсенділері, кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестік өкілдері мен БАҚ өкілдері болады.