«Мирас» университеті мен Назарбаев зияткерлік мектебі меморандум түзді

485

Өңірімізде білім деңгейін арттыру мақсатында тың жоспарлар жүзеге асыруда. Солардың бірі — «Мирас» университеті мен Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұжымының түзген меморандумы. Енді екі жақты келісім арқылы зияткерлік мектептің оқушылары жоғарғы оқу орны профессорларының дәрісін тыңдайтын болады. Ал университет студенттері дуальды оқыту жүйесінің қыр-сырын меңгере алады.

«Мирас» университетінің мамандары Назарбаев зияткерлік мектебіне жәй келген жоқ, жаңа жобаны жүзеге асыру үшін жиналған. Қаламыздағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымымен өзара меморандум түзген жоғарғы оқу орны енді бағдарлама бойынша білім саласын талдап жатыр. Белсенді топтың діттегені — мектеп оқушыларын ғылымға баулу.

8270

Людмила Ким, «Мирас» университеті ғылыми-зерттеу орталығының директоры: «Алдымызда Елбасының тапсырмасы тұр. Түзілген екі жақты меморандум бойынша «Мирас» университетінің тәжірибелі, білікті профессор оқытушылары мектепке келіп, шәкірттерге шеберлік сабағын өтеді. Түрлі ғылыми тақырыптарға зерттеу жұмыстарын жүргізеді.»

Меморандум мұнымен шектелмейді. Бастама аясында алдағы оқу жылында түзген өзге де жоспарлар орындалуы тиіс. «Мирас» университеті басшылығының сөзіне сенсек, меморандум шарты бойынша оқу бағдарламасының жүзеге асуына студенттер, болашақ жас мамандар да атсалысады.

Жастар дуальды оқу жүйесі бойынша зияткерлік білім ұясына келіп, іс-тәжірибеден өтеді. Мектеп ұжымы да бұл бастаманы құп көрген. Айтуларынша, күрделі саланы талдап-зерттеу жобасы тек білім алушылар үшін ғана емес.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=LkdigUC44h4[/youtube]

Әлібек Алғабаев, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілі: «Университеттің мұғалімдері мен біздің мұғалімдер арасында оқу бағдарламаларын және жаңа тәжірибелерімен алмасу үшін бұл жобаның маңызы зор. Университеттен ақпараттық технологиялар факультетінің  профессорлары оқушыларға мектеп қабырғасында радиотехника саласында шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізуді жоспарлауда. Қазірдің өзінде балалардың жазғы маусымдық мектебінде ұстаздар арнайы келіп, ғылыми сабақтарын өтті».

Айта кетейік, бүгінде 18 жылдық тарихы бар «Мирас» университінің 7000-ға тарта студенті бар. Олар мұнда техникалық, педагогикалық, құқықтану-экономикалық сынды 21 мамандық бойынша білім алады.

Қаламызда үлкен беделге ие оқу орны бүгінде талапкерлер қабылдауды бастады. Қабылдау комиссиясы түлектерді Ғ. Іляев көшесі, №3 үйде күтеді.