Назарбаев зияткерлік мектебінде тамыз конференциясы өтті

565

Бүгін Назарбаев зияткерлік мектебінде тамыз конференциясы өтті. Онда жалпыға бірдей жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша 6, 8 сынып мұғалімдеріне шеберлік сағаттары ұйымдастырылған. Семинарға Түркістан облысы бойынша 850-ден аса пән мұғалімдері қатысты.

Аталмыш жиында зияткерлік мектептің ұстаздары мен Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары жаратылыстану және гуманитарлық бағыттары бойынша дәріс оқыды. Айталық, біліктілігін арттыру мақсатында келген мұғалімдерге химия, биология, матемактика, жаратылыстану, қазақ тілі, ағылшын, информатика сынды 12 түрлі пәннен ашық сабақтар өткізілді.

Нұрсәуле Нұрмағамбетова, Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі: «Мен қазір сабақты шеберлік сағаты түрінде өткіздім. Практикалық сабақтар болды. Мұғалімдер өздері жоспар құрастырды. Өздері бағалады. Әрине, өзіміздің әріптестермен білімімізді бөлісу жолында біз алдын ала дайындаламыз. Өзімізге де білім-білік жинаймыз. Біздің қазір көрсетіп жатқанымыз Назарбаев зияткерлік мектебінде орныққан, қолданыстағы тәжірибе. Ал әріптестерден де үйренетін нәрсе болады. Олардан идея аласың, көзқарасын тыңдайсың».

Дәстүрлі түрде өтетін Тамыз конференциясы биыл 2-ші рет ұйымдастырылып отыр. Оның басты ерекшелігі – пәнаралық сабақтастықты дамытып, жаңа педогогикалық әдіс-тәсілдер бойынша өзара кәсіби тәжірибе алмасу. Конференция аясында жан-жақты сауаттылығын жетілдіруге математика пәнінің мұғалімі Нұрсұлу Тілеуова да келген.

Нұрсұлу Тілеуова, семинарға қатысушы: “Семинар өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Мен білмеген тақырыптар қозғалды. Мысалы, оқушыны қалыптастырушы бағалау, жиынтық бағалау, оқушы мен мұғалім арасындағы туындайтын мәселердің шешімі жайында тың мәліметтер алдым бүгін. Жаңартылған бағдарлама бойынша 2 апталық теориялық курстан өттім. Практика жүзінде осындағы мұғалімдерден сабақ алдық. Енді өзім сабақ беретін мектепте осы әдістерді қолданамын деп отырмын”.

Айя Мүтәлі