Оңтүстік Қазақстанның полицейлері Шымкенттегі түнгі клубтың жанында кісі өлтірген деген күдіктіні қолға түсірді. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кісі өлтірген деген күдікпен ұсталған жігіттің жасы 21-де. Еш жерде жұмыс істемейді. Бұрын сотты болмаған. Одан айғақты зат ретінде «Лидер» тапаншасы алынды. Осы қарудан екі рет оқ атқаны анықталып отыр.
Сонымен қазіргі таңда осы қылмысқа қатысы болған барлық күдіктілер ұсталды. Олардың саны — 6 адам. Ең ересегінің жасы — 29-да. Қалғандары 28, 25 жаста. Бұлар бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылуда.
Бұған қоса 29 және 26 жастағы екі жас келіншек ұсталды. Олар 21 шілде күні әлеуметтік желілерде түнгі клубтың жанындағы кісі өліміне қатысты жалған ақпарат таратып, халықты шулатқан. Осы күні шұғыл қызметшілер бұл азаматшалардың жеке басын анықтап, қолға түсірді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=xnYwZoIktW8[/youtube]
Жалған мәлімет таратқандар қазір өздерінің кінәларын толық мойындап отыр. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап 5000 АЕК дейінгі айыппұл төлеу немесе осы мөлшерде қоғамдық жұмыстарға жегу немесе 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге абақтыға жабу жазасын қарастырады.
Еске салайық, «Москва» түнгі клубы жанындағы қылмыс 19 шілде түнгі сағат 02:45-те болды. Көңіл көтеру орталығынан ерегісіп шыққан бір топ адам төбелескен. Оның соңы тапаншадан оқ атылып, 21 жастағы жергілікті тұрғынның өлімімен аяқталды.