Оңтүстік халқы балықты аз тұтынады

268
Балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар

Әр қазақстандық жылына 14 келі балық өнімін тұтынуы тиіс. Бірақ статистика күнгейлік тұрғындардың тек 4 келіге ғана тәбеті тартқанын көрсетті. Жерлестеріміз пайдалы асты неге тұтынбайды? Бәлкім, өлкемізде балық шаруашылығы кенжелеп жатқан болар? Кәсіптің дамуына қандай жағдай жасалған? Осы және өзге сауалдардың жауабын іздеп көрдік.

Оңтүстікте балық шаруашылығының дамуына мол мүмкіндік бар. Мұны мамандар айтып та, дәлелдеп те жүр. Дәл осы саланы дамытамын дегендерге қолдау да жоқ емес. Арнайы шақыртылған тәжірибелі маман, ихтиологтар білгенін үйретуге көшті. Солардың бірі — Елена Данько.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=NrHkUOP9Sb4[/youtube]

Балқаштан келген маман өлкедегі шағын су қоймаларын жерсіндіру және ондағы балық өнімін арттырудың жаңа тәсілдерін біздің кәсіпкерлер мен фермерлерге түсіндірді.

Елена Данько
Елена Данько

Елена Данько, «ҚазҒЗИБШ» ЖШС жетекші ихтиолог-маманы: «Еліміздің Оңтүстік аумағы — балық шаруашылығы үшін өте қолайлы өңір. Ауа райы мен теңіздің тұздылығы да сәйкес келеді. Сондықтан болса керек, өнімнің сақталу мерзімі де ұзақ. Ал мұндағы балықты жасанды әдіспен тамақтандырып, жетілдіру уақыты да көп емес, небәрі 5 ай».

Маманның шеберлік сабағына қатысып, тәжірибе алмасқандардың бірі — Тілесбай Жұмабай. Тоғыз жылдан бері балық шаруашылығына ден қойған кәсіпкер Шардара су қоймасынан жылына 30 тонна өнім өндіретін серіктестік басшысы. Шарушылықтың қыр-сырын меңгерген маман кедергілердің көп екенін жасырмайды.

Тілесбай Жұмабай
Тілесбай Жұмабай

Тілесбай Жұмабай, кәсіпкер: «Бұрын балықтың азайып кеткені соншалықты, түрлі аурулар қаптап, шаян дегендер көбейіп кеткен. Олар балықты өсірмейді екен. Қазіргі жиынға қатысып, балықты дұрыс тамақтандыру-қоректендіру және аурудың алдын алу жолдарын үйреніп жатырмыз. Біз балыққа бағасы қымбат тағамдарды бермейміз, себебі оған қаржы жеткіліксіз. Бірақ сапалы өнімдерді беріп, жасанды жолмен тамақтындырып жүрміз.»

Балықты көп тұтынбайтын Оңтүстікте мәселе шаш-етектен. Шаруалардың айтуынша, жағдай балықтың бағасына тәуелді емес. Күнгейде суқоректісінің келісі 400-500 теңге аралығында саудаланады. Айта өтейік, биыл Оңтүстіктегі 7 бірдей мемлекеттік балық кәсіпорны жекенің меншігіне өтеді. Бірақ кәсіпкерлерге арнайы талап қойылады — кәсіпорындардың жұмыс бағыты өзгермеуі тиіс.