Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары алты айда спорттың 59 түрінен 1114 медальге ие болды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә.Нұртаев хабарлады.
Басқарма басшысының мәліметінше, өңірде 36 олимпиадалық, 23 олимпиадалық емес спорт түрі дамуда. Ерен еңбек пен дайындықтың және облыс әкімінің қолдауының нәтижесінде бүгінде облыс спортшылары 6 айда спорттың 59 түрінен Қазақстан чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 365 алтын, 317 күміс, 316 қола медальге қол жеткізсе, жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттарында 33 алтын, 25 күміс және 25 қола медальді қанжығаларына байлаған.
Ал әлем чемпионаттарында облыс спортшылары 18 алтын, 7 күміс, 8 қола медальге ие болса, 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 20 Қазақстанның спорт шебері, 301 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.
Бүгінгі таңда өтіп жатқан Қазақстанның төртінші жазғы спартакиадасында Оңтүстік Қазақстан спортшылары командалық тұрғыда екінші орында келеді. Қыркүйек айына дейін жалғасатын бұл спартакиада спорттың 41 түрінен өтуде.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі