Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов Шымкенттегі облыстық орталық мешітте болып, айт намазына жиылған жамағатты Ораза айты мерекесімен құттықтады.
Өңір басшысы рамазан айы жаратқан иемізге құлшылық жасау, сабыр, өзара мейірім мен қайырымдылық арқылы рухани тазару айы деді. Осынау қасиетті айдың аяқталуына орай аталып өтілетін айт мерекесі халқымыз үшін діни ғұрып ғана емес, ұлттық дәстүрімізбен бітеқайнасып кеткен ұлық мейрам.
‒ Ораза айты мерекесімен баршаңызды құттықтаймын! Рамазан айында және айт мерекесінде елдің ынтымағы мен бірлігі үшін жасаған дұғаларымыз қабыл болсын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, — деді А.Мырзахметов .
ҚМДБ ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі — Ораза айтын көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алу игі дәстүрге айналғанын айтып, аймақтағы 800-ге жуық мешітте айт намазы оқылғанын жеткізді.
Ораза айты — адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке. Ендеше келесі Рамазан айына есен-амандықта жетіп, жүздесуімізге Алла нәсіп етсін!
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі