Жарықтың мәселесе жырға айналған «Самал -1» шағынауданы тұрғындарының бар тұрмыстық заты бір түнде күйіп кеткен. Лүп еткен желге сөніп қалатын жарықтан ығыры шыққандар тоқ күшінің бірден артып кетуінің себебін түсінбей дал.
«Самал -1» шағынауданындағы Құдияр Айтымбетұлы атындағы көшенің тұрғындары бірнеше жылдан бері сапалы жарыққа қол жеткізе алмай келеді. Оған қоса бір түннің ішінде жаңа теледидар мен мұздатқыш, желдеткіштері күйіп кеткен.Самалдықтар мұны ескі бағаналармен байланыстырып отыр.
Шағынаудан халқы 2003 жылдан бері жекенің меншігіндегі жарық көзін пайдаланып келеді. Содан бері тұрғындар шығынға белшесінен батып отырған көрінеді. Бірнеше рет өз ақыларына электр сымын тартқызған. Ол аздай, қайта-қайта күйіп кететін подстанцияны өз қаржыларына жөндеткен.
Тоқ кернеуінің артып кетуінен шығынға батқан ағайын сапалы электр қуатымен қамтуды сұранады. Сол үшін атқарушы органдардың есігін де тоздырып, шағымбанбаған жері қалмапты. Өкініштісі, еш жауап жоқ.
АЛ Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары самалдықтардың мәселесімен жіті таныс. Алайда көмек көрсетуге келгенде қауқарсыз. Жарықты мемлекеттің меншігіне өткізу оңай шаруа емесін алға тартады.
Ол үшін тұрғындар алдымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне шағымданып, жекенің иелігіндегі жарықты облыстық меншігіне алу үшін арыз жазуы тиіс екен.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Cfqq02npFjA[/youtube]
Тұрмыстық техникасынан айрылған тұрғындар бұл жауапқа қанағаттанбайды. Сондықтан болар, шағымын арқалап, облыс әкімінен көмек сұрамақ.