«Серпін» бағдарламасына құжат түнгі 22:00-ге дейін қабылданады

596

Оңтүстік Қазақстанда «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқуға түсуге 6 мыңнан астам түлек өтінім білдірген. Бұл жөнінде «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте республикалық «Серпін-2050» үйлестіру кеңесінің мүшесі М.Байзелдинова мәлім етті.

008

31 шілде ‒ республикалық «Серпін-2050» бағдарламасына құжаттарды қабылдаудың соңғы күні. Осы бағдарламаға қатысуға оңтүстікқазақстандық жастарды шақырған үйлестіру кеңесінің мүшелері түнгі сағат 22:00-ге дейін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Г» корпусында құжаттар қабылданатынын айтты.

Еліміздің бес облысындағы талапкерлерден 12 мың өтініш келіп түссе, соның тең жартысын Оңтүстік Қазақстан құрап отыр деген облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Б.Жанәбіл тек біздің облыстың талапкерлеріне конкурс арқылы 1200-ге жуық грант қарастырылып отырғанын жеткізді. Комиссия өкілдерінің шешімімен жобаға іліккен түлектер республикамыздың 8 облысында оқуға мүмкіндік алады.

2015 жылы студент қабылдаушы аймақтардағы 19 жоғары оқу орындарында техникалық, педагогикалық, ауылшаруашылығы мен ветеринария мамандықтарына 5000 грант бөлінсе, 34 колледждерде білім алушыларға 1200 грант бөлінді.

«Серпін-2050» бағдарламасы бойынша студенттерді қабылдаушылар Солтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан аймақтары болса, студенттерді жіберуші аймақтар — Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Маңғыстау облыстары.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің өкілі С.Тусупов оқуға түскен жоғары оқу орындарының студенттеріне тегін жатақхана, мемлекеттік шәкіртақы мен жол шығындары төленсе, оқу бітірушілер үшін жұмыс орны ұсынылады деді.

Сондай-ақ, колледж студенттері үшін тегін жатақхана, мемлекеттік шәкіртақы мен 3 мезгіл ыстық тамақ, қысқы 1 реттік киім, жол шығындары төленіп, бітірушілер үшін жұмыс орыны ұсынылмақ.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі