«Серпін» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталды

449
талапкерлер құжаттарын тапсырып жатыр

Елімізде «Серпін» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталды. Түлектер техникалық мамандықтар бойынша М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де, ал педагогикалық мамандықтар бойынша ОҚМПИ-да құжаттарын тапсырып, 31 шілдеге дейін білім конкурсына қатыса алады.

Айта өтейік, биыл аталған бағдарлама бойынша 4513 грант бөлінген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 300 грантқа көп. Бүгінде Павлодар, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Батыс және Шығыс Қазақстандағы жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының өкілдері Оңтүстікке келіп, арнайы түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Сонымен қатар биыл «Технологиялық машиналар және жабдықтар», «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру» сияқты жаңа 4 мамандық бойынша алғаш рет құжат қабылдануда.

Айта өтейік, 2014 жылы басталған «Серпін» жобасы бойынша бүгінде 12 мыңға жуық жас білім алуда. Оның 50 пайызы – Оңтүстік Қазақстан облысынан.

Қазақстанда биыл 37 мың 932 білім беру гранты бөлінді. Бұл – соңғы 5 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 6 мың грантқа көп. Әдеттегідей басымдық педагогикалық және техникалық мамандықтарға берілген. Оқуға құжат тапсыруда да айтарлықтай өзгерістер бар.

Мәселен, биыл педагогикалық мамандықты таңдау үшін алдымен психологиялық тестілеуден өту керек. Талапкер тек содан кейін ғана өзгелермен бірге жалпы білім беру конкурсына қатыса алады. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жауапты мамандарының айтуынша, биыл биотехнология, құрылыс, ветеринарлық медицина және ақпараттық технологиялар саласына деген түлектердің сұранысы жоғары.

Махаббат Әбдешова