Қос елдің қарулы күш ардагерлері Сайрамға жиналды

406

Сайрам аэродромындағы «Бүркіт» әскери-спорттық базасында арнайы жасақталған, шұғыл операция орындаушы бөлімшелерде қызмет еткен ардагерлер слетінің ашылу салтанаты өтті.

006

Іс-шара Кеңес үкіметінің мемлекеттік халықтық қауіпсіздік комиссариаты және халықаралық қауіпсіздік министрлігінің ардагері Жүсіп Төлешовтің 93 жылдығына орай ұйымдастырылды. Жиында Ресей мен Қазақстанның десанттары, парашютистері, арнайы жасақ отрядтары, қоян-қолтық күрестің шеберлері әскери спорт түрлері бойынша өзара тәжірибе алмасты.

Бұл — екі ел әскерилерінің жәй ғана бас қосуы емес. Тәжірибе алмасумен қатар ел қорғайтын намысты әскерилердің ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуге қашан да дайындығын көрсету деуге болады.

Олардың мақсаты бір — Отанды қорғау. Бір қатарда тізіле тұрғандар — Ресей батырлары, арнайы жасақтар мен ардагер десанттар. Олар бірінші кезекте екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері — Жүсіп Мәмбетұлының ерлігіне тағзым етіп, алғысын білдірді.

Павловских Павел, Ресей десант одағы орталық кеңесінің төрағасы: «Ең алдымен слетке қатысушылардың атынан Жүсіп Мәмбетұлы, сіздерді және ҰОС танкистерін, ұшқыш ардагерлерді құттықтағымыз келеді. Кеңес одағының адамзат тарихындағы сұрапыл майдан — неміс фашизмін жеңуге үлес қосқан барлық ардагерлерге алғысымды білдіремін. Олардың ерлігі алдында басымызды иеміз.»

Әскери барлаушы, ардагер Жүсіп Мәмбетұлын ізбасарлары ҰОС-дағы Жеңістің 70 жылдық медалімен, Юрий Андроповтың туғанына 100 жыл толуына арналған медальмен және әуе десанты әскерінің естелік медалімен марапаттады. Осындай награданы қарт барлаушының төсіне Ресей Федерациясының батыры, полковник Маргеловтың өзі тақты.

Қай слет әскерилердің өнерінсіз өткен? Бұл басқосу да солай өрбіді. Парашютистердің ептілігіне тәнті боласың. Өскелең ұрпаққа әуеден әр түрлі биіктіктен 1000 реттен аса секіргендердің шеберлігі жас десантшылар үшін нағыз сабақ.

Мықтылардың арасында Вячеслав Степанов, Сергей Гречихин, Игорь Верходин, Сергей Адрианов сынды азаматтар болды. Әуе десанты әскерінің туымен жерге түскен Виталий Арбузиков ұшақтан 1700-ші рет секірді. Мұнда, тіпті, 3 мың, ол аз десеңіз, 9 мыңыншы рет секірген тәжірилелі десанттар бар.

Шараны көптеген елдерде қызмет ететін оққағарларды даярлайтын тренингтік орталығының кәсіби шеберлігін арттырған қызметкерлері жалғастырды. Олар алаңда шын мәнінде шабуыл жасау кезінде не істеу керегін көрсетті.

Слеттің алғашқы күні әуеден Қазақстан және Ресей елдерінің туымен секірген парашютистердің өнерімен аяқталды.