Қошқар ата өзені маңындағы көп қабатты үйлердің тұрғындарынан маза қашты. Айтуларынша, суға шомылуға келген демалушылар аулаға көліктерімен баса-көктеп кіреді. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан машиналардан аяқ алып жүру мүмкін емес деп шағынған жергілікті халық, әсіресе, аулада ойнайтын балалары үшін алаңдаулы.
Үйдің алды көліктерге толы, арты қоқысханаға айналып барады. Тұрғындардың айтуынша, көпшіліктің пайдалануы үшін қалдырылған үй іргелік 4-5 метрлік жерді бір кәсіпкер иемденіп алып, қоршап, құрылыс заттарын үйіп тастаған.
«Осыған дейін үйге жапсарлас салынған кафенің түтініне шыдап келгенбіз. Алайда, өзімізге тиесілі жерді әлдебіреудің иелігіне бере алмаймыз» деп ашынады халық. Тұрғындар қазір бұл ретсіздікті жою үшін құзырлы орындарға арызданып жатыр. Алайда, әзірге нәтиже жоқ дейді.
Бұл мәселеге қатысты біз Әл Фараби аудандық әкімдігіне хабарластық. Жауаптылар тұрғындар шағымының ескерілетінін айтты. Және алдағы уақытта халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтассыз ету мақсатында қолданылатын шаралар туралы ресми түрде жауап беретіндеріне сендірді.