Қожанов көшесі жөнделуде

504

Шымкентте көлік қозғалысын оңтайландыру жұмыстары қарқын алған. Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында атқарылып жатқан шаралар жетерлік. Солардың бірі ретінде кеңейтіліп жатқан көшелер құрылысын айтуға болады. Қазіргі таңда Қуаныш Төлеметов, Дамба көшелерінің және Әл Фараби даңғылының құрылыс жұмыстары аяқталуға шақ. Жолды жаңалау жұмысы Қожанов көшесінде де бастауын алды.

014

Бұл көшесінің құрылыс жұмыстары аптаның басында басталған. Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес жөндеудің 1-кезеңінде жолдың 700 метрі жаңаланады. Ені 12 метрден 15 метрге дейін кеңейтілетін жолдың жиегінде ирригациялық жүйелер мен жаяу жүргіншілер жолы салынады.

Осыған байланысты бұл жолдағы көлік қозғалысына Темірлан тасжолынан Аврора көшесіне дейінгі бөлігінде шектеу қойылады.

Жол жөндеу жұмыстары қарапайым халыққа кедергісін тигізіп үлгерді. Көше бойындаға коммерциялық нысандардың жұмысы күрт тоқтап қалыпты. Құрылыс басталғалы Ерболат Махмудов күнделікті табысынан айрылғанын айтады.

Ерболат Махмудов: «Жолды жасаған дұрыс қой. Бірақ, екі баламды оқуға киіндіруім керек. Жұмыс тоқтап қалды. Тапсырыс болса ғана жұмыс істейміз. Өзім Леңгірден қатынаймын.»

Мұндағы техникалық жөндеу қызметі орындарының басым бөлігі уақытша жабылған. Өйткені жол жабық. Көшенің кеңейтілетіні жөнінде коммерциялық нысандардың иелері алдын ала ескерту алған дейді жауапты мамандар.

Абай Тұрханов, қалалық автомобиль жолдары секторының меңгерушісі: «8 заңды нысан анықталды. Мемлекеттік мұқтажға алынды. Ал заңсыз салынғандарға ескерту берілді. Келіспесе, мәселе сот арқылы шешіледі.»

Бұған қоса жолдың астындағы су , кәріз, телекоммуникациялық жүйелері жаңа жолдың жиегіне ауыстырылып орналасуы тиіс. Осы мәселелерді шешу мақсатында нысанның басына сала мамандары шақырылды.

 

Ал халық қалаулысын көше бойындағы жасал желектің қырқылуы мазалайды. Табиғатқа қолдан қиянат жасау дұрыс емес деп есептейді депутат.

Ғани Ташқараев, қалалық мәслихат депутаты: «Нысан «қызыл сызықта» салынған болса, көшіріледі. Ал мына ағаштарды қырқу дұрыс емес. Техника бар түбімен қопарып алатын.»

Темірлан тасжолы мен Аврора көшесі аралығындағы құрылыстың бірінші кезеңі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Жоспар бойынша Қазиев көшесіне дейінгі аралықтағы құрылыс келер жылы жалғасады. Нысан толық пайдалануға тапсырылса, жол қозғалысы жеңілдейді дейді билік өкілдері.

Шынар Оразова