Аудан әкімі: «Қазығұрттағы су тапшылығы кезеңімен шешіледі»

245
Қазығұрт ауданының әкімі

Қазығұрт ауданында үш ауысымда оқытатын мектеп жоқ. Өлкедегі 72 білім ұясы жаңа оқу жылына сақадай сай. Бұл туралы аудан әкімі Болатбек Қыстауов мәлімдеді. Есесіне ауданда ауызсу мәселесі өзекті. Отызға жуық елдімекен тіршілік нәріне зәру.

Қазығұрт ауданының әкімі
Қазығұрт ауданының әкімі

Қазығұртта ауызсу мәселесі өзекті. Осыны ескерген аудан басшысы оның шешілу жолдарымен жорналшыларды таныстырды. Айтуынша, аудандағы 64 елдімекеннің 42-сі ауызсумен толық қамтылған. Оның ішінде 15 ауыл тұрғындары 24 сағат бойы үздіксіз су ішеді. Ал 27 ауылға мұндай мүмкіндік бұйырмапты. Себебі су қоры жетіспейді. Оны шешу үшін кезең-кезеңімен жоспар құрылған. Бірінші болып жерасты су қорларын іздеу жұмыстары жүргізілуде екен.

Болатбек Қыстауов, Қазығұрт ауданының әкімі: «Желтоқсан айында қорытынды алынған соң жобалық-сметалық құжаты дайындалады. Қазіргі таңда аудан аумағында 19 елдімекенде жер асты су қорларын іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Ал қолданыстағы су жүйелерін күтіп ұстауға, ағымдағы жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы бөлінген. Бүгінде сегіз нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде».

Сондай-ақ, ауданда жол құрылысының жұмысы қарқынды. Республикалық маңызы бар жолдың құрылысынан бөлек ауыл көшелерін орта жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Болатбек Қыстауов, Қазығұрт ауданының әкімі: «Аудандық маңызы бар жолдар да жөнделеді. 1-мамыр, Аққұм елдімекендері аралығындағы 10,1 шақырым автомобиль жолын күрделі жөндеу жүргізіледі».

Бір қуантарлығы, ауданда үш ауысымды мектеп жоқ. Апатты деп танылған 13 білім ордасының мәселесі биыл шешімін тапқан. Яғни, сапалы білім беруге барлық мүмкіндік жасалған.

Ал «Балапан» бағдарламасы бойынша аудандағы бүлдіршіндердің 80 пайызы балабақшамен қамтылған. Бір сөзбен айтқанда аудан халқының әлеуеті артқан.