Шымкентте кезекті рет «Мектепке жол» дәстүрлі акциясы өтті. Бұл жолы 13 мекеме 130-дан астам әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы балаларына білім алуға қажетті оқу құралдары мен киім-кешек сыйға тартты.
Жалпы, қала мектептерінде 26 мыңнан астам көмекке мұқтаж отбасының бүлдіршіндері есепке алынған. Осы акция барысында демеушілердің қолдауымен 27 млн теңге жиналып, 3 мыңға жуық балаға қамқорлық жасалады деп күтілуде.
«Бір баланың шаттыққа бөленгені — мың періштенің қуанғаны». Шымкенттегі орталық мешітте де 70 оқушыға сөмкелер мен мектепке қажетті оқу құралдары тапсырылды. «Мектепке жол» акциясы аясында ұйымдастырылған шараға жергілікті жаны жомарт кәсіпкерлер атсалысты.
Айта кету керек, облыстың орталық мешіт жамағаты мұндай акцияға алғаш рет ұйытқы болып жатқан жоқ. Осымен екінші рет қайырымдылыққа мұрындық болған дін өкілдері Алла үйіне жамағаттан жиналған теңге мен атпал азаматтардың демеушілігінің көмегімен ауқымды шараға өз үлестерін қосты.