Мұнайшылар балдырғандарды мектепке дайындады

308

Бүгін тағы 150 оқушы «Мектепке жол» акциясының шарапатын көрді. Бұл жолы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балдырғандарына «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясының қызметкерлері көмек берді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=8ACpNWYuF5Y[/youtube]

Зауытқа жақын орналасқан Қарабастау және Жұлдыз елдімекеніндегі қырыққа жуық балдырған мектеп киімімен қамтылды. Айта өтейік, Қарабастаудағы №99 мектепте 1485 бала оқиды. Оның 200-і әлеуметтік көмекке зәру.

балаларға арналған сыйлық

Жомарт жандардың келетінін естіген балдырғандардың қуанышында шек жоқ. Тағатсыздана қонақтарды күткен оқушылар сыйлықтарын алғанша асық болды. Ағаларына алғыс ретінде концерттік бағдарламаларын дайындап қойыпты.

Балдырғандардың қуанышын бөлісуге ауыл ақсақалдары да көптеп жиналған. Қариялар Шымкенттегі мұнай зауытының жиі көмектесіп тұратынын айтады.

Еркін Жұмаділ, «Петро Қазақстан Ойл Продактс»компаниясының өкілі: «Біз қайырымдылық акциясына көп қатысамыз. Мұны әдетке де айналдырдық. Балалар қатарынан кем болмасын, оқуда озат болсын деген ниетте көмек қолын созып отырмыз. Ендігі тілегіміз — олардың амандығы, ел азаматы болып өсуі».

Аты аталып, сыйлығы табысталған балдырғандардың қуанышында шек болмады. Қолдарына тапсырылған қорапты ашып, ішіндегісін көруге асықты. Бір-біріне мақтанып, көрсетіп жатыр.

Айтпақшы, №99 мектептке өткен «Мектепке жол» акциясына зауыттан бөлек облыстық мәслихат хатшылары, ауылдың кәсіпкерлері, ауыл билері мен мешіт ұжымы да атсалысты. Осылайша 150 балдырған мектепке дайын болып шықты.