Қазақ тарихы тағы бір тың дерекпен толықты. Оңтүстік Қазақстан облысында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар бес қаруы сайланған жауынгер әйелдің қабірін тапты. Ғалымдар мүрдедегі сүйекке қарап оның біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және біздің заманымыздың IV ғасырларында өмір сүрген болуы мүмкін деп отыр.

Археологтар моланы тарихы аз зерттелген Қаңлы мемлекетіне тиесілі дейді. Күні бүгінге дейін тарихи оқулықтарда көшпенді тайпалардың жауынгерлігі туралы деректер тым аз кездеседі. Сондықтан бұл қазба Қазақ тарихының тағы бір қырынан ашып көрсетуге мүмкіндік береді дейді археологтар.

008

Археологтар үш метр тереңдіктегі моладан табылған сүйекті асқан ұқыптылықпен аршып алып жатыр. Өйткені мыңдаған жылдар бойы көмулі жатқан адамның сүйектері шіри бастаған. Жауынгер әйел қаңлы мемлекетінің тұсында өмір сүрген болуы мүмкін дейді мамандар.

Вероника Хорват, Қазақстанның орталық мемлекеттік мұражайында іс-тәжірибеден өтуші: «Бұл егер ер азаматтың денесі болса, онда маңдайы жазық және сүйегі ірі болатын еді. Ал мына мәйіттің маңдайы дөңгелек, көзінің айналасы әйелдің бейнесіне ұқсас. Жақ сүйектері де нәзіктеу. Соған сүйеніп жауынгер әйел деп отырмыз.»

Тігінен жатқан әйелдің сол жақ қанатында темірден жасалған алып қылышы бар. Қысқа қанжар мен бәкі тәрізді пышақ та бар. Тіпті арқасына ілінген жебені де көруге болады. Қабірден найзаның бірнеше түрлі ұштары мен сүйектен жасалған бұйымдар да табылыпты. Бұдан бөлек құнды заттар да шыққан.

007

Александ Подушкин, экспедиция жетекшісі: «Бұл біз үшін ең үлкен жаңалық болып отыр. Қаншама қазба жұмыстарын жүргіздік. Алайда толық қаруланған әйел сүйегін бұған дейін кездестірген емеспіз. Бұндай тек Сармат тайпаларында ғана кездесетін. Демек бұл олжа – сармат тайпаларының шығысқа дейінгі аумаққа таралғанын көрсетсе керек. Әзірге біз Оңтүстіктен мұндай жаңалықты алғаш рет кездестіріп отырмыз.»

Жауынгер әйелдің сүйегі мен жәдігерлер толық аршылып алынғаннан кейін орталық мұражайға жіберіледі. Құнды қазба толықтай зерттеуден өткізіледі. Археологтар биылғы жаз маусымында бұдан бөлек тағы екі моланың орнын тапқан. Мамандар соңғы қазылып жатқан мүрдеден де құнды жәдігерлердің шығатынына сенімді.

Бір кездері Күлтөбе қалашығы Оңтүстіктегі ең ірі орталықтардың бірі болған дейді археологтар. Көне қалашықтың маңында 23 жылдан бері қазба жұмыстары жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында табылған құнды жәдігерлер ұлттық тарихымыздың көкжиегін кеңейтіп, жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыруына мүмкіндік береді дейді археологтар.

24.kz