Оңтүстік Қазақстан облысның әкімі Асқар Мырзахметов Оңтүстік Кореяның Пуё провинциясының губернаторы Ли Юн Ву бастаған арнайы делегация өкілдерімен кездесті. Тараптар өңірге инвестиция салу мәселесін талқылады. Екі жақты кездесуге Корея мен Оңтүстік Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлері қатысты.
Облыс әкімі мемлекет басшысының шетелдік инвесторлар туралы ұстанған саясатын түсіндіріп, оларға барынша қолайлы жағдай жасалып, қолдау көрсетілетінін айтты. Оған қоса шетелмен байланыс тек орталықтан ғана өрбімей, әр өңір жеке дербес байланыс жасау мүмкіндігіне ие екенін жеткізді.
Сондай тығыз байланысты бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы нәтижелі жүргізіп, экономикалық дамудың еселене түсуіне сеп болып отыр. Еліміздегі халқы ең көп шоғырланған әрі еңбек ресурсы жоғары аймақ ауыл шаруашылығы саласында көш бастап тұр. Бұған қоса өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдері бәсекелестікке барынша қабілетті.
Облыстың қолайлы климаты агро өнімдерді экспорттауға зор мүмкіндік ашатынын атап өткен А.Мырзахметов Оңтүстік кеден және еуразиялық одақтары аясындағы аймақтардың ішінде де ең оңтүстігі болып саналатынына тоқталды. Сондықтан жыл санап қызығушылық танытушы мемлекеттердің саны артып келе жатқанын тілге тиек етті. Ал соңғы бес жылда облыстың экономикасы екі есе өсіп, индустриаландыру бойынша республикада алғашқы орынға шықты.
Өз кезегінде мәртебелі меймандар да Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастың қарышты дамып отырғанын, оның ішінде Оңтүстік Қазақстанның бизнес климатының қолайлы екенін мәлімдеді. Екі жақты кездесуден соң тараптар ауыл шаруашылығы саласы бойынша жем-шөп даярлайтын шағын өндіріс орындары мен тыңайтқыштар даярлайтын зауыт тұрғызуға уағдаласты.
Қанат қақты бұл жоба Сарыағаш ауданынан бастау алады деп көзделіп, тиісті келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар оңтүстіккореялық кәсіпкерлер өңірдегі бизнес өкілдерімен бірлесе шаруаларды қолдауға арналған оқу орталықтарын ашуға, көкөніс өсіру мен тамшылатып суғаруға арналған инновациялық технологияларды ендіруге, мал азығын дайындау өндіріс орындарын ашуға, т.б. істерге қызығушылық танытып отыр. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізіледі деп күтілуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі