Өңірдегі ең үлкен «Қызыләскер» электр станциясы ашылды

27

Түркістан облысында өңірдегі ең үлкен «Қызыләскер» электр станциясы ашылды. Енді оңтүстік аймақтың 5 бірдей ауданы электр қуатымен толық қамтамасыз етіледі. Бұл стратегиялық нысанның іске қосылуы ұзақ жылдарға созылып, биыл жүзеге асып отыр. Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, көпшілікті тарихи сәтпен құттықтады.

Келес ауданында өңірдегі ең үлкен «Қызыләскер» электр станциясы ашылды. Аталған нысан Келес, Мақтаарал, Сарыағаш, Жетісай және Шардара ауданының
800 мыңға жуық халқын электр қуатымен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, әлеуметтік, шағын және орта бизнес нысандарын да сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге қауһарлы.

«Қазір біз «Қызыләскер» қосалқы станциясында тұрмыз. 220/110/10 кернеулік подстанция. Бұл подстанция бүкіл Келес ауданын электр желісімен түгел қамтамасыз етеді. Бұл жерде қолданылған құралдардың бәрі Шымкентте, ал ячейкалары Кентау қаласында жиналған»,- деді «Электромонтаж» АҚ-ның Басқарма төрағасы Ермек УМБЕТАЛИЕВ.

Сонымен қатар аталған станциядан қуаты 110 кВт  болатын 91 шақырым электр желісін салу жоспарланған. Оның құрылысына 2 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр.

«Келесіде 110кв-тық қосалқы станцасын тапсырамыз. Бұл ең үлкен станцалардың бірі болып есептеледі»,- дейді Түркістан облысының әкімі Дархан САТЫБАЛДЫ.

Айта кетсек, «Қызыләскер» қосалқы станциясының құрылысына 7 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бүгінде 4 дана автотрансформатор орнатылған «Жылға» қосалқы станциясынан «Қызыләскер» қосалқы станциясына дейін 72,2 шақырым электр желісі жүргізіліп, жұмыстар толығымен аяқталған. Нәтижесінде облыстың оңтүстік аймақтары, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы нысандары тұрақты және сапалы электр энергиясымен толығымен қамтылмақ.