Түркістан базарларынан өрт шығу қаупі бар

366

Түркістан базарларын қайтадан өрт шалу қаупі басым. Қаладағы сауда орындарында тиісті талаптар әлі күнге сақталмай отыр. Мұнда жыл басынан бері екі базарды қызыл жалын жалмаған. Бірақ оның себебін анықтап, ұшқын тұтануының алдын алуға келгенде атқамінерлер мен құзырлылар құлықсыздық танытып отыр.

003

Жуырда ғана күрделі жөнделген «Керуен» базарының күлі көкке ұшқан. Төртінші тамыз күні сауда орнынан өрт шығып, салдарынан 2000 шаршы метр аумақты қызыл жалын шарпыды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Бірақ тілсіз жаудың шығу себебі әлі күнге дейін анықталмапты. Қазір мұнда реттеу жұмыстары жүргізілуде.

Еске сала кетсек, Түркістанда жыл басынан бері бір емес, екі мәрте базар өртеніп үлгерді. Соның бірі — «Қуаныш» сауда орны. Өрт салдарынан аталған базарда жұмыс істейтін кәсіпкер зардап шегіп, мыңнан аса саудагер материалдық шығынға ұшыраған. Мұндағы жағдайды тексере келе төтеншеліктер өрт қауіпсіздігі сақталмаған деген түйінге келген болатын.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=KcOoh40FWIQ[/youtube]

Алайда төтенше жағдай қызметкері берген ақпаратты қала басшылығы растамай отыр. Айтуларынша, Түркістандағы сауда орындарында өрт қауіпсіздігі сақталған. Атқа мінерлердің сөзінің растығын білу үшін біздің түсіру тобы қаладағы базар маңын аралап шықты. Байқағанымыз, мұндағы жабайы саудадан аяқ басып жүру мүмкін емес. Тіпті жайма базардың жұмыс істеуі үшін құқық қорғаушылардың өздері келіп, салым салып кететін көрінеді.

Қалай дегенмен де әр тарап жауырды жаба тоқып, базарлардың қауіпсіздігіне шаң жуытпауға тырысты. Бірақ төтеннен тұтанатын тілсіз жау талайларды тақырға отырғызғаны мұндағы билік пен құзырлыларға әлі сабақ болмаса керек.

Лаура Нақыпқызы