Оңтүстікте жұмыстан заңсыз шығарылғандар немесе жалақысы қысқартылғандар жоқ. Бұл туралы өңірлік дағдарысқа қарсы штаб отырысында айтылды. Еңбек инспекторлары қордаланған жалақы қарызы бойынша мәлімдеме жасады.
Айтуларынша, жыл басынан бері 36 мекеменің жұмысшы алдындағы берешегі анықталған. Үш мыңға жуық еңбеккердің құқығы қорғалып, қарыздары өтелеген. Бүгінгі күнде тек бір мекеме ғана еңбекақысын созбалаңдыққа салып жатқаны айтылды.
Бастар Есқараев, облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторы: «Оның өзі «Энергострой» мекемесінде екі жұмысшысы қалып отыр. Мекеменің екі жұмысшысы алдындағы берешегі — 1,3 млн теңге. Аталған мекеме бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы тарапынан нұсқама беріліп, заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жалақыны мәжбүрлеп төлету жөніндегі құжаттары сотқа жолданды. Өмір бір орнында тұрмайды, жалақы қарызы пайда бола береді. Онымен толассыз жұмыс жүргізе береміз».
Бас еңбек инспектордың айтуынша, кәсіпорындар уақтылы жалақы төлеуді әдетке айналдырған. Бұл қуанарлық әрі құптарлық іс дейді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтыр осы уақытта облыс бойынша 151 млн теңге жалақы қарыз анықталған. Ал биыл бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен — 1,3 млн теңге.
Дағдарысқа қарсы штаб мүшелері қарапайым жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына кеңірек тоқталды. Олардың ай сайынғы еңбекақысынан бөлек зейнетақы жарналарының уақтылы аударымы да қатаң қадағаланып отырған көрінеді. Бақылау бақуатты болғанымен, жарнаны уақтылы аудармайтындардың саны қысқармай отыр. Міндетті зейнетақы жарналарының берешегі 305 млн теңгеден асып жығылады. Яғни, 14 мың борышкер бар екен. Оның басым бөлігі мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді.
Ғалымжан Орынов, мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары: «Жүзден астам мекемеде мемлекеттік зейнетақы жарнасы төленбеген. 1342 заңды тұлға, 173 мемлекеттік мекеме, 12663 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерлер зейнетақы жарнасын төлемеген. Оларға ай сайын мемлекеттік төлем келіп тұрады.»
Ең сорақысы сол — Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында қатардағы мұғалімдердің зейнетақы жарнасы аударылмаған. Сондай-ақ, шаруа қожалықтары да өздерінің жұмысшыларына зейнетақы жарнасын құюды ұмыт қалдырады екен. Өзекті сауалдар қаралған штаб отырысында кәсіпорындардың да салғырттығы сөз болды.