Өңір экономикасына елеулі үлес қосатын 50 жоба «Даму» қорының қолдауына ие болды. Кәсіпкерлер қордың кепілдігімен жалпы сомасы 3,5 млрд теңге болатын несие алып, іске кіріскен. Шағын орта бизнесін бастағандар өзгелерді де жұмыспен қамтып үлгерген.
Шымкентте медицинаның жаңашыл тәсілдерінің көмегімен бедеулікті емдейтін орталықтың жұмысы жанданды. «Даму» қорының қолдауымен әлеуметтік мәселе шешімін тауып жатыр. «ДL-Эко» Қазақстан-израиль көп салалы клиникасы күрделі оталарды жасайды.
Мұндағы мамандар ұрпақ жаңартудың түрлі технологияларын пайдаланады. Клиника өңірдегі үш жылдық жұмысы барысында шыны түтіктен үш жүзге жуық дені сау әрі толыққанды бала өмірге келген. Қордың көмегімен жабдықтарын жаңалап, ауқымын кеңейткен.
Айта өтейік, клиникадағы диагностика тәулік бойы жұмыс істейді. Әрі бағасы қолжетімді. Айына бір рет тегін кеңес беруді әдетке айналдырған. Мұнда елімізден бастап Израиль, Өзбекстан, Ресей елдерінің білікті мамандары қызмет етеді.
Бориса Гойхман, «DL-ЭКО» клиникасының директоры: «Мемлекеттік қолдаудың көмегімен біз қосымша құрылғылар алдық. Несие осымен екінші жыл мерзімінде жабылуда. Жалпы сомасы 123,3 млн теңгеге жапондық МРТ құралы мен операция жасайтын бөлмені жабдықтадық».
Кәсіпкерлердің жобасын жүзеге асырып, ісін дөңгелетуге үлес қосатын «Даму» қорының көмегімен шыны шығаратын кәсіпорын да пайда болды. «Агава шыны әлемі» деп аталатын серіктестік әйнектің сәндік түрін шығарады. Оны өңдейді, бетіне бейне басады.
Мұратжан Мұрзаев, «Агава шыны әлемі» компаниясының басшысы: «Даму» қорының көмегімен станоктар қойдық. Монтаж және құрылыс жұмыстарымен айналысатын компаниялар біздің өнімге қызығушылық танытып отыр. Бұл өнімнің баламасы біздің өңірде жоқ. Шыныға тапсырыс беру үшін олар Алматыға баратын. Қазір бізбен жұмыс істейді. Тапсырыс көп түсіп жатыр. Жылдың соңында Тараз және Қызылорда қалаларынан бөлім ашуды көздеп отырмыз».
Қомақты несиеге қол жеткізген кәсіпорын станоктарын санын көбейтіп, шыныдан толыққанды көркем төсем жасап шығаруға бел байлаған. Осылайша Оңтүстіктің ғана емес, бүкіл елдің нарығына жол тартуды жоспарлап отыр.