Мақтаарал ауданы Мырзакент елдімекенінде 15 орынды көп салалы емхана ішінен оңалту бөлімі ашылды. Емхана заманауи қондырғылармен жабдықталған. Енді мұнда мүгедектер мен жүрек-тамыр дертіне шалдыққандарға ем көрсетіледі.
Жұмабек Сапаров, «Мырзакент» емханасының бас дәрігері: «5 қыркуйек күні біз емдеу-оңалту бөлімшесін аштық. Мұнда аудан тұрғындары портал арқылы ем қабылдай алады. Бөлімшеде емделушілерге арналған барлық оңалту жабдықтарын орнаттық. Оңалтушы дәрігер де бар, жақында нефролог-дәрігері жұмысқа кіріседі.»
Жасы алтыға келсе де өзімен жасты балалармен жарысып жүгіре алмайтын Еркебұлан дәрігерлерді таң қалдырды. Бірнеше күн оңалту құрылғысымен жаттыққан баланың аяқ-қол буындары қатайған. Мамандар сал ауруына ем жоқ дегенімен, Еркебұланның отбасы дертті жеңуге болады деп сенеді.
Фарида Саңғылбаева: «Біз 2009 жылдан бері тіркеуде тұрамыз. Жыл сайын Шымкентте ем қабылдаймыз. Енді, міне, оңалту бөлімшесі ашылған соң 200 шақырым жол жүріп, облыстық орталыққа барып қиналмайтын болдық.»
Сондай-ақ бұл бөлімшеде инфаркт-инсультқа шалдыққан ересектер де ем қабылдай алады. Буыны бостықтан зардап шеккендерге массаж және физиологиялық емдеу жасалып, науқастың дертінен айығуына көмектеседі дейді мамандар. Неғұрлым ертерек емделсе, ем жақсы қонады. Дәрігерлер жыл соңына дейін бөлімшеде 30 орын ашылады деп жоспарлап отыр.