Оңтүстікте мемлекеттік тілдің аясы кеңейіп жатыр

442

«Мемлекеттік тіл-мерейім». Облыстық «Отырар» кітапханасында ҚР халықтарының тілдері күніне дәл осындай тақырыпта әдеби кеш өткізді. Мерекелік шарада жас ақындар тілге деген құрметін өлең жолдары арқылы білдірді. Зиялы қауым өкілдері мемлекеттік және ресми тілдердің аясы төңірегінде ғылыми мақалаларын оқып берді. Ал басқосуға қатысқан облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту бөлімінің өкілдері өңіріміздегі құжаттама жұмыстары толығымен қазақ тіліне көшіріліп жатқанын айтады.

Сардар Молдабеков, облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы: «Барлық аудан, қала бар — барлығының құжат айналымы қазақ тіліне көшкен. Енді жоғарғы органдар бар, енді ол мекемелерге де қазіргі уақытта сараптама жүргізіліп жатыр. Ал облыс бойынша қазақ тілінде оқытылып жатқан мектептер 62,5 пайыз».

Мерекелік шара аясында жуырда ғана тіл туралы жарық көрген кітаптар мен зерттеу жинақтар көпшілік назарына ұсынылды. Айта өтейік, бүгінде өңірімізе қарасты әрбір аудан-қалада тілашар, тіл дамыту бөлімдері қызмет етеді. Ондағы бөлім қазақ және шетел тілдерін мемлекеттік қызметкерлер мен тұрғындарға ақысыз үйретуді қолға алған.