ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов Сайрам ауданына жасаған іссапарында осындағы «GOLDEN NOMAD» тігін фабрикасына барып, осы фабриканың костюмін сатып алды.
[youtube]https://youtu.be/aWdozTjhE38[/youtube]
Мұндағы костюмдер 20-25 мың теңгеден сатылады. Өңір басшысы солардың арасынан 20 мың теңгелік «Алтын адам» маркалы костюмді таңдады.
«GOLDEN NOMAD» маркалы тігін фабрикасы — республикамыздағы ерлер костюмін және сымдар тігетін жалғыз кәсіпорын. Классикалық үлгідегі ерлер костюмін тігетін бұл фабрика «Пирамида Өсімдік Қорғау-777» ЖШС-не қарайды. Күніне 500 костюмді сатылымға шығаратын фабрика Сайрам ауданын киіммен қамтамасыз етеді. Фабрика басшылығының айтуынша, кәсіпорынның өнім шығару қуаттылығы облыс жұртшылығының сұранысын қанағаттандыруға толықтай жетеді.
Жылына 26 400 дана костюм, 52 800 дана сым тігеді. Жылдық ақшалай қуаттылығы 290, 4 млн теңге. Түркияның «ASTRON», Жапонияның «Juki Corporation» қондырғыларын пайдаланады.
Мұнда 80 адам жұмыс істейді. Оның 30-ы «Жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан. Өткен жылдың 18-сәуірінде ашылған фабриканың жобалық құны — 158, 0 млн теңге. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 110, 0 млн теңге қаржы алған.
Тігін фабрикасының бас директоры Жанаргүл Нұрғалиқызының сөзінше, костюмдерді бұған дейін 13-15 мың теңгеден сатыпты. Қыркүйек айынан бастап 20-25 мың теңге аралығында сатып жатыр. Фабрикада күніне 500 костюм тігіліп, сатуға шығарылады. Қазан айының ортасында тағы бір бөлім ашылады. Онда әйелдер киімі тігіледі.
[youtube]https://youtu.be/8O020eaI_2k[/youtube]
фото: Жәнібек НҰРЫШ