Шымкент зообағында бегемот дүниеге келді

1055

Шымкент зообағында бегемот дүниеге келді. Бірнеше жылдан бері төлдей алмай жүрген сусиыр бірінші мәрте бұзаулады.

Туылғанына апта толмаған жануар анасынан бір адым алыстамайды. Тек судан аздап қорыққан болса керек, алғашында Ламбада есімді анасы хауызға түскенде ғана жағада жалғыз күтті. Зообақ қызметкерлерінің айтуынша, салмағы тоннадан асатын 23 жастағы сусиыр бұзауын 9 ай, 9 күн бойы көтерген. Бұған дейін төрт рет төлдегенімен, оның біреуі ғана тірі қалыпты. Сондықтан, әлі аты да қойылмаған жаңа туған жануарды мұндағы қызметкерлер тәулік бойы арнайы бейнебақылау қондырғысы арқылы қадағалауға кіріскен. Cусиырдың сүті суалмас үшін де бар жағдай қолға алыныпты.

Ахметжан Ибрагимов, «Шымкент зообағы» МҚК қызметкері: «Күніне үш рет тамақтандырамыз. Азанғы тоғызда көк шөп беремін, одан соң сағат 11-30-да қайнатылған бидайды, арасында қырыққабат, түрлі дәрумендерді жейді. Ал сусиыр жайғасқан бөлменің температурасы жылы, қалыпты, 15-16 градус».

Хайуанаттар бағы енді мұндай жойылып кету қаупі бар жануарлармен ғана емес, қызыл кітапқа енген бағалы және жыртқыш құстармен де толығады. Дәлірек айтсақ, көбейеді. Мекеме басшылығының сөзіне сенсек, жуырда мұнда жаңа 5 бірдей инкубатор қондырғылары жеткізілмек екен. Ресейден арнайы тапсырыспен жеткізілетін құрылғылардың әрқайсы 300-400 мың теңге тұрады. Жаңа қондырғы бір уақытта 150 құстың балапанын ашуға қауқарлы.

Латифша Әлиев, «Шымкент зообағы» МҚК басшысының орынбасары:» Африкалық түйеқұс, қыран сынды жойылып ету қаупі бар жыртқыш құстар өздігімен жұмыртқаға жатып, балапан ашпайды. Сондықтан оларға инкубатор қажет. Әйтесем олар көбеймейді. Бұған дейінгі инкубатормыздың сапасы нашар еді. Оған салған жұмыртқаның 80 пайызы жарамсыз болып қалатын. Енді жаңа қондырғы келсе, зообақтағы бағалы құстарды арттыру үшін жаңа бастамалар жүзеге асады».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=jjvegPku3Sc[/youtube]

Бірнеше күннің ішінде хайуанаттар бағының аумағынан жаңа инкубатордың жұмыс істеуі үшін арнайы цех құрылысы басталмақ. Мекеме басшылығының айтуынша, небәрі 2 айдың ішінде ол қолданысқа берілуі тиіс. Айта кетейік, бүгінде Шымкент зообағында 2000 бас аң-құс бар. Оның 300-і қанаттылар болса, 20-сы Қызыл кітапқа енген.