Бәрі басқаша болатын. Мақсат Отан алдындағы борышын өтеп, бір жылда отбасына аман-есен оралды. Аcтанада жұмысқа тұрды.
Кенет еш алаңсыз жүрген Мақсаттың өмірі бір сәтте астаң-кестең болды. Он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін 27 жастағы жігіт тағдырдың жазмышы болар арбаға таңылды.
Алайда тағдырдың тәлкегі оның жігерін жасыта алмады. Мүмкіндігім шектеулі деп, өзгелерге алақан жаймады. Қоғамнан шеттетіліп қалмады. Өз бетінше еңбектенді. 2014 жылдың қараша айында сандық жасайтын цех ашты.
Мақсат Сәрсембаев: «5 жыл бұрын суға шомыламын деп, қол-аяғым жансызданып қалды. Қатарынан 3 рет ота жасады. Ресейге барып, ем алып қайттым. Содан кейін таяққа сүйеніп жүретін болдым. Бірақ 5-6 қадамнан артық жүре алмаймын. Үйде күн сайын жаттығу жасайтын. Алғашында қиын болды. Басыма түскені осы болса, көнемін деп ойладым. Бірақ уақыт өте келе өз өмірім үшін күресуім керегін ұқтым. Отбасында жалғыз ұлмын. Қарындастарым бар. Әкемнің бір ауыз сөзі жігерлендірді. «Ұлым, мен қазір үнемі қасыңдамын. Бірақ менсіз де еңбек етіп, ақы тауып, өз күніңді көре алатындай болуың керек» деді. Осы сөзден кейін бір нәрсемен айналысуым керек деп шештім».
Жеке кәсіпкер жұмысын «Бизнестің жол қартасы — 2020» бағдарламасы аясында үйін кепілге қойып, 3 млн теңге несие алып бастаған. Алайда өз ісін ашуда Мақсаттың жолында түрлі қиындықтар кездесіпті. Қытайдан тапсырыс бойынша алдыратын қажеттінің бағасы қымбаттап, қолындағы қаржыға тек бір ғана станок сатып алады.
Соның салдарынан жұмысқа қабылданған мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыстың ауырлығына шыдай алмай, кетулеріне тура келеді. Бүгінде ай сайын 47 мың теңге несие төлейтін кейіпкеріміздің қасынан үнемі әкесі табылады. 6 жылдан бері жақыны, жанашыры да осы кісі. Сандықтың негізгі жұмыстарын да әкесі жасайды. Одан өзге тағы бір жұмысшысы бар. Әкелі-балалы осылайша ата кәсіпті жалғастырып келеді.
«Жақында «Авто Нұр» базарынан сауда нүктесін аштым. Онда қазір анам сатушы. Одан өзге тапсырыс берушілер де бар. Көбіне аққудың, жүректің, қазақтың оюларын түсіреміз. Көбіне қыз жасауына алады. Бағасы да қымбат емес».
Әр күнін жеңіске балайтын Мақсаттың ең үлкен жетістігі — өз бетінше көлік жүргізу еді. Араға бес жыл салып, жеңіл автокөлігіне қайта мінді. Нәтижесінде тауарларын әкесі көлігіне артып береді, ал сауда нүктелеріне өзі тасиды.
Әрине, өздігімнен жүріп тұра алмайтын мен үшін жұмыс жасау оңай емес дейді Мақсат. Десе де, бір сәт қарап отырмайды. Бояу жағады, сандықты лактайды, ою түсіреді, түсқағаз жапсырады.
Әйтеуір тыным таппайды. Түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып жүр. 2015 жылы мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Ең үздік қолөнерші» номинациясының иегері атанды.
Жас жігіттің алдағы жоспары үлкен, мақсаты айқын. Қайтадан несие алып, ісін кеңейткісі келеді. Сандық жасайтын тағы бір станок алғысы келеді. Сандықтың жаңа, сапалы, дизайны ерекше түрлерін шығарсам дейді. Сөйтіп, өзі сияқты көмекке мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі жастарды жұмысқа алып, қол ұшын созсам дейді.
— Ал бірінші арманым- өз аяғыммен жүру. Өзгелер сияқты жүгіріп, ешкімнің көмегінсіз әрекет еткім келеді. Үйленіп, отбасын құрсам деймін,- деп сөзін аяқтады кейіпкерміз.
P.S. Сұхбат барысында байқағаным, Мақсат өмірге құлшынысы мол, ұмтылысы бөлек, жігерлі жас екен. Арманың орындалсын, ісің өрге жүзсін деген тілегімді мен де білдірдім.