«Ұлы дала » экспедициясы өз саяхатын қорытындылады. Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне қолға алынған шарада тарихи эстафета жерлестерімізге тапсырылды. Яғни, Қазақ елінің әр дәуірдегі қадамы жазылған күнделік кітап өңіріміздің алтын қорына берілді.
Жерлестеріміз «Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясын барша сән-салтанатымен қарсы алды. Еліміздің сонау Солтүстік аймағынан бастау алған эстафета енді күнгейге келіп жетті. Салтанатты көш алдымен тарихи орындарды басып өтіп, хандықтың дәурені жүрген шаһарға да бұрылған.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=9uUFETv4MbU[/youtube]
Сапар барысында экспедиция мүшелері жергілікті тұрғындармен жүздесіп, Ұлы дала өсиетінен сыр шертетін жинақтарды «Отырар» кітапханасының еншісіне сыйға тартты. Мұндағы мақсат — оны оқырманға қолжетімді ету.
Ербол Байқонақов, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы: «Ұлы дала өсиеті» және «Қазыналы Оңтүстік» атты кітаптарды жолай барлық кітапханалар мен мәдени мекемелерге тапсырып жатырмыз. Жұртшылық оқысын деп. Қазақ тарихы кеңінен жазылған кітап көпшілікке енді елдің өткенін еске салатын болады. Хандардың есімдері мен ерлігін еске салады».
Айтулы шараға жергілікті билік өкілдері, мәдени мекеме қызметкерлері мен жастар жұмылдырылған. Және өзге Этнос өкілдері де арнайы келіпті. олар мұнда елдің өткенін, қазақ хандарының ереже-жарғыларын қайта жаңғыртты.
Елена Ким, кәріс этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасары: «Абылай ханның аңыз жолдары, оның халыққа жүргізген билігі, заң-талаптары — бізге аманат. Әлі күнге Елбасымыздың саясаты сол хандарымыздың қағидасымен астасатынын байқаймыз, Есім ханның ескі жолы, қасым ханның қасқа жолы, әз тәукенің 7 жарғысн жаттаған халқы барда, олардың есімі мен ерлігі жасай береді. Тәуелсіздік туы биіктен көрінеді».
Эстафетаны қабылдап алған топ пен экспедиция мүшелері ХVІІІ ғасырдың 2-жартысында үш бидің басын қосып, талай түйінді тарқатқан төбеге бастап барды. Жиналған топ мұнда хандардың жүріп өткен жолдары мен би-төрелердің ұтымды уәждерін дәріптеді.
Сағынғали Әбубәкіров, тарихшы: «Жол бойы күнделікке көрген-білгенімізді, тарихи маңызды орындардағы тарихи мәліметтерді жазып келеміз. Ал экспедицияның саяхаты Сайрамға келіп, қорытындылануының да өзіндік себебі бар. Осы Мәртөбеде үш биіміз, хандарымыз мәселелерді шешіп отырған. Бәрінен бұрын осы төбеде Тәуке ханның жеті жарғысы қабылданған екен».
«Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясының өңірдегі сапары Сайрам ауданында, Мәртөбенің төрінде қорытындыланды. Ал жол-жөнекей тарихи оқиғалар мен шежірелер топтастырылылып, экспедицияның символы болған күнделік кітап енді Тараз қаласының тұрғындарына , хандықтың 550 жылдығы тойланатын айтулы мейрамда тапсырылмақ.