«Көпшіліктің санасына әсер ететін негізінен көркем әдебиет, сосын кино»

585

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы – жазушы, шежіреші Момбек Әбдіәкімұлы.

– Біз Тәуелсіздікке қалай келдік деген сұраққа қысқаша жауап беріп көрсек…

– Жалпы тәуелсіздік алғанымызға биыл 26 жыл болды. Осы тәуелсіздік, тәуелсіздік деп неге айта береміз осы? Жыл бойы барлық газеттер тәуелсізбіз деп қақсай бергеннен біредеңе шыға ма? Мәселен, 90-шы жылдардан кейінгі туылған балалардан «біз кімнен тәуелсіздік алдық» деп сұрап көріңізші, білер ме екен? Сондықтан да тәуелсіздіктен бұрынғы тарихты балалардың құлағына құя беру керек. Мәселен, ата-бабаларымыз ерте замандарда қалмақ шапқыншыларымен 200 жыл бойы соғысты. Кеңес Одағындағы идеология бойынша біз тек қана қалмақ қазақ соғысын дәріптей бердік. Көпшіліктің ұғымында қазақтың қалмақтан басқа жауы болмаған сияқты боп көрінеді де тұрады. Ал негізінде қазақ халқы 1456 жылы хандық құрып өз алдына ел болғалы бері 439 жыл ішінде еш болмаса 15 жыл мамыражай тіршілік кешпепті. Ылғи сырттан соққан дұшпан, анталап келген жаумен алысып өткен. Қазақ өздігінен ешкімге соқтығыспаған. Қазақ тек қана қорғанумен күн кешті. Мәселен, Моғолстанмен соғысты. Бұхар хандығымен қанша жыл айқасты. Қалмақты көп айта бергім келмейді. Өйткені әбден зәрезап болған тақырып, қаншама кино шықты…

– Біз өзіміздің оңтүстік тің тарихын айтып көрейікші. Мысалыға мен өзім 9 мыңдай кітап оқыған адаммын. Оңтүстік тарихы еш кітапта жазылмайды. Тек аракідік бір кітаптарда атүсті жазылды. Содан кейін мен оңтүстіктің тарихына бала кезімнен ден қойдым, шежіре жазып жүріп. Негізінде Қазақ хандығы осы оңтүстікте орнады. Мына тұрған Шу шартты түрде Оңтүстік Қазақстанға жатады Қазақ хандығы орнаған. Қазақтың алғашқы хандары Керей және Жәнібектен бастап, кешегі Бүрындүк, Тәуекел, Қасым сияқты ұлы хандарының барлығының қазақ жерін кеңейту мақсатында жасаған жорықтарының барлығы да осы оңтүстіктен басталған. Кешегі Шыңғысхан, Ақсақ Темірдің алғашқы соғысы, қалмақ та алғаш осы оңтүстікке шабуыл жасаған. Осындай өңір тарихы айтылмайды да. Барлығы шығыстыкі, батыстікі, орталықтыкі болып айтылып кетеді. Өйткені олардың зерттеушілері болды. Біздің оңтүстіктің тарихын зерттеушілер болмады кезінде. Көркем әдебиет тұрғысында да көрініс таппады. Бір тарихшылар өздерінің диссертацияларын қорғады. Бірақ ол архив қойнауында қалып кетті. Ғылыми күйінде сақталып қалды. Көпшіліктің санасына әсер ететін негізінен көркем әдебиет, сосын кино.

-Оңтүстіктің тарихы туралы романды атап беріңізші?

– Менің оңтүстік туралы 4-5 кітабым шықты. Бұрын кітап көп оқылатын кезде Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», Бекділлә Алдамжаровтың «Қохан хандығы» туралы кітабы шықты. Басқа ауыз толтырып айтарлықтай кітап шыққан жоқ. Қалмақ кеткеннен кейін Ташкенттен Алматыға дейінгі қазақ рулары 40 жыл бойы қырғызбен алысты. Осы тарих жайлы айтылмайды. Менің романым осыған арналды. Қырғыз ғалымдары осы туралы бірнеше роман жазып, одан бөлек ғылыми диссертациялар қорғаған. Бірнеше кітап жазып тастаған. Айткүл Махаева, Үмітхан Алтаевалар ғана біраз қалам тербеді. Әрбір халықтың басынан өткен кішкене бір оқиға – ол тарих. Оны бүркемелеуге болмайды. Кеше Совет өкіметінің уағында бұл бүркемеленді. Қазақ пен қырғыздың жауласуы, қоқан хандығының бізді басып алып 55 жыл бойы билегенін айттырмады. Оны халық арасында дүрдараздық тудырады деді. Олай болса Ұлы Отан соғысын да айтпау керек еді де. Қазақ -қырғыз қақтығысы, Қоқан хандығының шапқыншылығы мұның бәрі оңтүстіктің тұнып тұрған тарихы.

– 1986 жылы Алматыда толқу болғаны белгілі. Сол басқа аймақтарда, Шымкентте болды ма?

– Шымкент те толқыды, бірақ шыға алмады. Милициялар алдын ала дайындалып қоғамдық орындарда жиын өткізіп алдын алуға тырысты. Сол кездегі бір екі газет қазақтарды қаралап «көтеріліске шықпаңдар бұлар бұзықтар» деген сарында мақалалар жариялады. Сол кездегі саясатқа қарсы бас көтере алмады.