Сарыағаш ауданындағы Қапланбек ауылында шарап өндірісі тоқтап тұр. Мұны кәсіпорын басшылығы өнідіріске қажетті шикізат тапшылығымен және жүзім өсіруге жердің бөлінбеуімен түсіндіреді. Ал аудан әкімдігіндегілердің айтары басқа. Қарекетін қамдауға кәсіпкердің өзі құлықсыз дейді ондағы шенеуніктер.
«Қапланбек» агрошарап компаниясында бүгінде өндіріс тоқтап тұр. Мұнда тек қоймаларда сақталған бұрынғы өнім тапсырыс түскенде ғана бөтелкелерге құйылып сатылуда. Қоймадағы үлкен бөшкелердің әрқайсысында мың литрден шарап бар. Олардың сақталу ұзақтығы жылдармен есептеледі. Дегенмен, оның да қоры көпке жетпейтін түрі бар.
Шикізат тапшы деп зауыт басшылығы қол қусырып отырса, өндіріс жүрмейтіні анық. Бүгінде жүзім өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарымен ертерек келісім-шартқа тұрғанда мұндай күрделікке кәсіпорын тап болмас еді дейді аудан әкімдігінің мамандары.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=dxRiZO39fyc[/youtube]
Тоқырау заманында қаңырап қалған өндірісті жандандырған кәсіпкер күніне 40 тонна, яғни, 5 мың бөтелке шарап шығаратын. Зауытта ішімдіктің 9 түрі ашытылады. Бүгінге дейін «Қапланбек», «Жібек жолы», «Ркацители», «Тамада», «Талас», «Портвейн», «Кагор», «Саперави», «Херис» шараптарына сұраныс жоғары. Бірақ кәсіпкерлікті қолдаудағы түрлі мүмкіндіктерді зауыт иесінің өзі тиімді пайдалана алмай отыр дейді әкімдік өкілдері.
Шынар Оразова