Шымкентте Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау жалғасып жатыр. Тарихи датаның құрметіне орай шаһарымызда жас ақындар арасында айтыс өтті. Жыр бәсекесіне өңіріміздің 30 ақыны қатысып, ақтық сынға оны ғана жолдама алды.

Жас таланттардың қабілет-өнерін елімізге белгілі айтыскер аға буын ақындар, Маржан Есжанова, Жарқынбек Наушабек пен облысымыздағы жазушылар одағы филиалының төрағасы Бақытжан Алдияр бағалады.

Ниязбек Аян
Ниязбек Аян

Нұрлан Әділханов, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры: «Бізге жас ақындарды іздеу, оларды табу оңайға түскен жоқ. Бұл өте қиын. Ауыл-аудандарды аралап, жарнама жүргізіп, қаншама іріктеулер өткізіп қана 30 ақынды таптық. Олардың сөз саптау мен әдеби тілді қолдануларына баса назар аудардық. Жуырда да жас ақындарды іздеу, оларға қолдау көрсету бастамасы жалғасын табады».

Ниязбек Аян
Ниязбек Аян

Айта өткен жөн, «Ақын айтса, ақиқат оянады» атты өнер байқауын биыл өңіріміздегі халық шығармашылығы орталығы мекемесі қолға алған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыр-айтыстың жоғары деңгейде өтуі үшін қазынадан 300 мың теңге қаралыпты.

Сонымен, суырып салма ақындар айтысының бас жүлдесін Төле би ауданының тумасы Ниязбек Аян жеңіп алды. Жеңімпаз бүгінде шаһарымыздағы Ы.Алтынсарин аптындағы №65 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы.

Ниязбек Аян, бас жүлде иегері: «Өте қуаныштымын, мен үшін жүлде емес, халықтың ықыласы маңызды. Сондықтан, бүгінгі айтыста да қолдап, қуаттап, қол шапалақтап отырған қауымға мың алғыс! Әрине, қарсыласымның дайындығы аз болды, тәжірибесі де аз. Бірақ мен өзімді керемет санамаймын, алдағы уақытта да ізденіп, ақындар ізін жалғау жоспарымда бар. Менің ойымша, өзге ақындардан ерекшелігім – елдің жағдайын, көптің мүддесін көп жырлауымда деп білемін».