Күнгейде «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы басталды

486

Күнгейліктер әйгілі композитор, вальс падишаһы Шәмші Қалдаяқовтың телегей шығармаларын түгендеуге көшті. Дәлірегі, «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы басталды. Бірақ, бұл жолы өнер бәсекесіне жолдама алған жас таланттар сазгердің қазіргі ел аузында жатталып жүрген еңбектерімен қатар, ұмытылар шегіне жеткен шығармаларын да ұсынуы тиіс. Ұйымдастырушылар алқасы осы жаңа жоба-тәсілі арқылы – Шәмші әндерінің «алтын қорын» жасақтайтынын айтады.

Мәре-сәре. Үміт пен күдіктің таласуы. Өлең сөздерін жаттап, әуенін қайталау. Мұндай қобалжуды «Менің қазақстаным» облыстық ән байқауының үміткерлері ең алдымен, сайысқа санаулы минуттар қалғанда, сахна сыртында тұрып сезінді.

Дастан Шәріпбаевты жерлестеріміз әдетте, сахнада домбырасымен ғана көретін. Оны көзі қарақты көрермен күйші ретінде жақсы таниды. Бірақ бұл байқауда 23 жастағы жас талант жасқанбай, Шәмші ағаның аманат – әнін арқалай келіпті. «Бейбіт күн тілегі» атты шығармасын көпшілік алдында шарықтай шырқады. Әйгілі сазгердің құрметіне есімі берілген филармонияның төрінде, әнші ретінде тұсауы кесілген өнер иесі бізге жеңіске жетелейтін жігер-ынтасының зор екенін жасырмай айтып берді.

Дастан Шәріпбаев, үміткер (Сарыағаш ауданы): «Расында сахнада үлкен қобалжуды сезіндім. Бірақ көрерменнің қошеметінің арқасында бұл сезімдер артта қалды. Ал осы бір әнді орындағанда, алты алаштың тарихы, азаттық таңы үшін күрескен сәттері – бәрі-бәрі  көз алдыма елестеді. Сондықтан, мұны тыңдарманның жүрегіне жеткізе орындай алдым. Менің жеңіске жетуім әбден мүмкін!»

«Менің Қазақстаным» – әйгілі композитор, вальс падишаһы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттайтын облыстық ән байқауы. Биыл 26-шы рет өткізіліп отыр. Ал үміткерлердің талантын 5 адамнан құралған қазылар алқасы таразылауда. Сайыста жастолқынның әнді орындау шеберлігі ғана емес, әуеннің танымал әншілерден ұрланбауы да қадағаланды. Сахналық киімдер де ерекше ескерілмек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі байқаудың бағдарламасына енгізілген өзгерістер бұл ғана емес. Биылғы жарыста сазгердің айтылмай, жазылмай жүрген тың туындылары – төрге озады.

Берік Жорабеков, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары: «Шәмші ағамыз облысымыздағы әр ауданға ән арнаған. Сондықтан, қатысушыларға бөліп бердік. сонда бірінен кейін бірі сол шығарманы айтпайды. Тіпті айтылмай жүрген әндерін де байқаудың шартына енгізіп отырмыз. Талап солай!»7

Сонымен, «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауының 1-кезеңіне әзірге 56 үміткер қатысып, бағын сынауда. Енді сайыстың екінші кезеңі — ақтық мәре тамыздың 15-жұлдызында яғни Шәмшінің туған күнінде өтеді. Оған 23 жас талант жолдама алмақ. Ал жүлдегерлер үшін арнайы қаржылай сый-тарту тағайындалған.

Мөлдір Бекеева