«Жібек жолының жауһары» республикалық ақындар айтысы өтті

99

Түркістандағы «Farab» кітапханасының концерттік залында Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жібек жолының жауһары» республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасының негізгі мақсаты – Сауранның құм астында жатқан тарихы мен төл өнерді насихаттау.

Айтыс шымылдығын Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев ашып беріп, еліміздің әр өңірінен келген жүйрік ақындарға сәттілік тіледі.
Екі кезеңнен тұрған аламанда ақындар Сауранның аз уақытта игілікті істер жасап, төл өнерді төрге оздырып, өзгелерге үлгі болғанын тілге тиек етті. Қабырғасы шөксе де, көне Сауран қалашығының алаш жұрты үшін бағасы аласармайтынын жырға қосты. Тарихын заңғар ғасырлардан бері жасап келе жатқан Сауранның болашағын да жырлады.
Қазылар алқасының құрамында айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің иегері Маржан Есжанова мен филология ғылымдарының докторы, доцент Бақыт Әбжет және айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, ақын Бекмұрат Анарбай болды.
Қазылар алқасының шешімімен айтыстың бас жүлдесі (1 млн) Түркістанның ақыны Дәурен Ақсақаловқа бұйырса, І орынды (800 мың) қарағандылық Дидар Қамиев, ІІ орынды (700 мың) астаналық ақын Еркебұлан Қайназаров иемденді.
Ал ІІІ орынды (600 мың) түркістандық Бекарыс Шойбеков пен қызылордалық ақын Мұхтар Ниязов қанжығасына байлады. Әбдікерім Манапов атындағы арнайы жүлдемен (300 мың) Шұғайып Сезімхан, Қаныбек Сарыбаев атындағы арнайы жүлдемен (300 мың) Қалижан Білдәш, Көпбай Омаров атындағы арнайы жүлдемен (300 мың) Біржан Байтуов, Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлдемен (300 мың) Мейіржан Жарылқап, Тәушен Әбуова атындағы арнайы жүлдемен (300 мың) Мөлдір Айтбай марапатталды.
Барлық ақынға Сауран ауданының логотипі салынған домбыра табысталды.