«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының ОҚО-дағы бөлігі мерзімінде аяқталмайды

421

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің құрылысы 2016 жылы аяқталады. Алайда, тас жолдың Шымкенттен Алматыға қарай бөлігінің құрылысы кешеуілдеп жатыр. 2009 жылдан бері жаңғыртылып жатқан автобанның құрылысы жақын күндері аяқталмайды.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің 593 шақырымында Тараз және Оңтүстік Қазақстан облыстарының шекарасы түйіседі. Мұндағы жұмыс қыркүйек айында аяқталуы тиіс еді. Алайда оңтүстікқазақстан бөлігінде біткен жұмыс байқалмайды. Себебін анықтап көрелік.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай»  жолының 424 шақырымы Оңтүстік Қазақстан облысының аумағы арқылы өтеді. Қызылорда облысына қарай бағытындағы жұмыс аяқталған. Ал Шымкенттен Жамбылға қарасты бағытының құрылысы созылғалы тұр. Мұнда Түрік, Иран және Қытай компаниялары қызмет етеді. Ирандар жер асты өткелін салып жатыр. Жобаның қиындығы құрылысты созуға әкеп соққан. Одан бөлек, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы кеш берілді,- дейді мердігер компанияның басшысы.

Ахмад Наимиха, жобаның жетекшісі: «Тоннелдің құрылысын 2014 жылдың сегізінші тамызында бастадық. Оның ұзындығы 820 м. Екі бағытқа арналға екі өткел болады. Бүгінгі таңда жұмыстың 75 пайызын аяқтадық. 2016 жылдың тамызында толық бітеді деп жоспарлап отырмыз. Өйткені жер асты қазу барысында көптеген қиындықтарға тап болдық».

Айта өтейік, автобандағы ғана емес, еліміздегі ең бірінші жер асты өткелінің құрылысына 200 адам мен елуге жуық техника жұмылдырылған. Бас-аяғы төрт бригада екі ауысымда жұмыс жасайды. Бір тонельді салуға 2 млрд. 800 млн. теңге қаржы қаралған.

Ал Түлкібас ауданына қарасты, Машат асуында да жолды жаңғырту жұмыстары кешеуілдеп тұр. Мұндағы құрылысшылардың қолын байлаған мемлекеттік сатып алудың құжаттары екен. Айтуларынша, 81 шақырым жол бөлігінің бойындағы учаскелерді сатып алу ұзаққа созылып, құрылысқа бөгет болған. Меншік иелері мүлкін қымбатқа бағалап, ұсынылған бағаға келіспегендіктен, іс сотта қаралған. Оның нәтижесі шыққаннан кейін ғана, құрылыс жұмыстары қарқын алыпты. Сондықтан да құрылыс компаниялары жұмыс уақытын тағы үш айға созатындарын айтып отыр.

Мустафа Тайлан,участка инженері: «Үш айдың ішінде бізге жүктелген жолдың құрылысы толық бітеді. Жұмысшылар күндіз-түні жол төсейді. Техникалар көптеп жұмылдырылды. Тапсырыс берушілер, біз сұраған уақытты береді деп ойлаймыз. Өйткен, құрылыстың созбалаңдыққа салынуына біз кінәлі емеспіз».

Тағы бір белгілі болғаны, Машат асуы тұсындағы жолға бетон емес, асфальт салынатын болыпты. Қыстың қаһарлы күні қауіпсіздікті сақтау үшін, осындай шешім шығарылған. Ал мердігер компания сапасы өте жоғары асфальт төсеуге сөз беріп отыр. Осылайша, 2016 жылы толық бітеді деген, халықаралық дәліз діттеген уақытынан ауытқиды. Яғни, пайдалануға кеш тапсырылмақ