Оңтүстік жол апаты бойынша бірінші орында тұр

Облыс жолдарындағы жол-көлік оқиғалары биыл былтырғы жылмен салыстырғанда екі жарым есеге өскен. Жол сақшыларының айтуынша, көлік апаттарының күрт өсуі – жүргіншілердің кінәсінен. Әсіресе «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінде қайғылы оқиғалар жиілеп кеткен. Салдарынан көлік апатында қаза болғандар саны да үш есеге дейін артып отыр. Оған соңғы жылдары күнгейдегі көлік санының көбейгенін қосыңыз.

Арман Әбілдаев, ОҚО ІІД ЖПБ басшысының міндетін атқарушы: «Мысалға алар болсақ, облыста 2008 жылы 250 мың көлік болса, қазір ол сан 450-ге дейін өскен. Жаңадан тіркелген көліктер де бар. Сондай-ақ, басқа облыстардан келіп жатқан көліктер саны тым өсіп кетті. Жолаушылар тасылмалдайтын көліктер де көбейген. Жол тар. Бұл фактілердің барлығы тікелей жол-көлік оқиғаларына әкеп соқтырады.»

Оңтүстікте 9 ай көлемінде жол ережесін бұзған жүргізушілерге 42 миллион теңге айыппұл салыныпты. Тағы 1700 жүргізуші жүргізуші куәлігінен айрылған. Бұл көрсеткіш те былтырғы жылмен салыстырғанда еселеніп отыр. Айта кету керек, биыл облыс бойынша 378 адам жол үстінде көз жұмған.