«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі өтетін ауылдың тұрғындары әбігерге түсуде

302
Фотосурет мұрағаттан алынды

Жылдың соңында облыс мәслихатының  депутаттары 2014-2016 жылдарға арналған облыс бюджетінің жобасын талқылады. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы 3 жылда өңірдегі елдімекендерде салынатын әлеуметтік нысандар бойынша есеп беріп, халық қалаулыларының сауалдарына жауап берді.

Фотосурет мұрағаттан алынды
Фотосурет мұрағаттан алынды

Депутатардың назарына іліккен мәселе – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің жобалық-сметалық құжаты әзірленгенде жол кесіп өтетін елдімекендерде тұратын халықтың жағдайының ескерілмегені.

Жақында облыс мәслихатының 7 депутаты Ордабасы ауданы, Түркістан, Кентау қалаларында болып, ондағы халықтың тыныс-тіршілігімен етене танысқан. Кездесу барысында тұрғындар құрылысы аяқталған көлік дәлізінен өту мұңға айналғанын алға тартты.

 Шәріпбек Жамалбек, облыс мәслихатының депутаты: «Ол -халықаралық жол. Енді өзгерістер енгізуге біздің құзырымыз жетпейді. Бірақ, айта кететін жайт – Түркістан қаласының іргесіндегі 500 адамға шақталған емхана сол жолдың бойында. Онда бару үшін айналып өтетін жол керек. Неге бұл мәселе ертерек қарастырылмаған? Енді газ, кәріз жүйесі бар дейді. Осыған қарамастан бұл мәселелерді шешуге болады.»

Бұл мәселеден «Қазавтожол» мекемесінің мамандары да хабардар екен. Мәселені шешу үшін қосымша қаражат керекдейді олар. Тіпті, бұл түйткілді шешудің жолдарын да ұсынды.

Мұхтар Дүйсенбеков, «Қазавтожол» компаниясының ОҚО филиалының басшысы: «Бұл жағдайды біз білеміз. Өкінішке орай, мәселе кеш көтерілді. Қазір жолдың ол бөлігінде мердігер жұмысын аяқтады. Оны өзгерту мүмкін емес. Бұл мәселені Түркістан қаласының әкімі қыркүйекте көтерген. Біз министрлік ұсыныс жасаған едік. Үстінен өтетін жолды салу үшін жобалық-сметалық құжат керек, қаржы қажет және тендер өткізу керек.»

Мұндай жағдай Қызыл көпір маңындағы елдімекендерде де туындап отырғаны комиссия отырысында ашық айтылды. Жайылымға мал айдау мен діттеген жеріне жол таппай әбігерге түскен адамдарға не айтамыз деп шырылдады біраз депутат.

Құдайберген Ержан, облыс мәслихатының хатшысы: Сіздер жолдың құрылыс жақында ғана бастадыңыздар? Ал адамдар болса, бұрыннан тұрып келеді. Аспаннан түскен жоқ қой олар? Ережеге сәйкес елдімекендердегі халықтың жағдайын ескеріп, сосын салынуы тиіс еді! Енді кешіктіңіздер дейсіздер! Кешіріңіз, бірақ, сіздер қайда болдыңыздар? Енді келіп, аудан әкімін  кінәлайсыз. Бұл дұрыс емес!»

Халықаралық көлік дәлізі өңірге қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Алайда, оның жобасын жасағанда жауаптылар халықаралық жол өткен елдімекендердегі халықтың жағдайын ескермегені қынжылтады. Ал қыруар қаржыға салынып, құрылысы аяқталарда ғана депутаттардың дау көтергені мүлдем түсініксіз. Қарашаның қамын дер кезінде ескеру үшін халық қалаулыларына өз сайлаушыларымен жиі кездесіп тұруы керек шығар, бәлкім.