Күлтөбенің басында күнде жиын. Сайрам ауданынан қалаға қосылған Мәртөбелік тұрғындар ауыл маңындағы қоқыс алаңына тағы жиналды. Ала жаздай тұрмыстық қалдықтар үйіндісін жабу үшін айтысып келген ағайындар соңғы үмітпен қаланың жаңа билігіне қолқа салып отыр.
Бұл қоқыс алаңында бұған дейін Сайрам ауданының қатты тұрмыстық қалдықтары жиналып келген. Мәртөбе Шымкентке қосыла салысымен мұндағы қоқыс көлемі еселеніп кетіпті.
Қолқаны қабатын иістен шаршаған ауыл тұрғындары бір емес бірнеше рет қала басшыларына шағымдарын айтып, жауапты тұлғалардың табалдырығын тоздырған. Бірақ, одан нәтиже шықпапты.
Оразәлі Кенжебеков, ауыл биі: «Облыстық прокуратура комиссия құрып, зерттеу жұмыстарын эүргізді. Сонда осы қоқысқа жауапты басшының орынбасарымен бірге анықтағаны — мына қоқыс пен ауылдың арасы 314 метр. Заң талабы бойынша 3 шақырым болуы керек. Біз заңсыз екенін дәлелдедік. Мына қағазда былай деп айтылған: «Сіздердің берген, экологиялық сараптамадан өткен эмиссия кері қайтарылғаны хабарланады. Экология департаменті осы қағазды беріп тұр. Содан кейін біз әкімдікке барып, дәлелдегенімізді, мына жерге қоқыс тастаудың дұрыс емес екенін айтсақ та олар осы жерге қоқыс тастауды үдетіп жіберді.»
Аумағы 5 гектар деп белгіленген қоқыс алабын жабуды Мәртөбелік ағайын 2005 жылдан бері айтып келеді. Сайрамдық атқамінерлермен айқасқан жерлестеріміз енді Шымкенттік шенеуніктермен шайқасып жатыр. Бірақ шаһар билігіндегі салаға қарасты жауаптылардың да бұл мәселе бас қатырғысы жоқ. Бар айтары, осы аумақтан басқа қалада қоқыс тастайтын ыңғайлы жер қалмаған.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=c3xdyq2ZaF8[/youtube]
Ғазиз Ерімбетов, «Таза қала» мекемесінің директоры: «Қала әкімдігі жерді қарастырып жатыр. Сол жерді тауып бергенге дейін осылай шешім қабылданды.»
Бұл жолы да екі жақ ортақ мәмілеге келе алмады. Ауыл ақсақалдары енді қаланың жаңа әкіміне арызданбақ.
Нұрлан Жаңабай